Басты Жаңалықтар Ұлыбритания АЭС салуды қолға алмақшы

Ұлыбритания АЭС салуды қолға алмақшы

Ұлыбритания үкіметі шағын атом электр станцияларын салуды жеңілдету жоспарын жариялады. Бастаманың мақсаты – электр энергиясының бағасын төмендете отырып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету.

Елдегі 2 жаңа атом электр станциясының құрылысы аяқталар емес. Өйткені АЭС-ті жоспарлаудан бастап, желіге қосуға дейін 20 жылға жуық уақыт керек. «Бюрократиялық кедергілерге байланысты мемлекет таза және қолжетімді энергия бойынша әлемдік аламанда артта келеді» деді премьер-министр.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

Рұқсат етілген 8 алаңнан тыс жерлерге алғаш рет шағын ядролық нысандар салуға мүмкіндік береміз. 2032 жылға қарай мини-реакторлар елдің кез-келген аймағында тұрғызылмақ.

Шағын АЭС дәстүрлі модульдік реакторларға қарағанда арзан, әрі құрылысы жылдам жүргізіледі. Энергияны әлдеқайда аз өндіргеніне қарамастан оларға деген сұраныс жоғары. Әлемде қазір осыған ұқсас 80-ге жуық жоба бар.

Саймон Маршалл, Дүниежүзілік энергиялық конгрестің өкілі:

Ұлыбритания – АЭС салу үшін әлемдегі ең қымбат елдердің бірі. Ал шағын реакторлар инвесторлардың сенімділігін арттырып, жаңа станциялардың құрылысына жол ашады.

Бұл бастаманы кейбір партиялар және қоршаған ортаны қорғаушылар қолдамайды. Бірақ сырттан тасымалданатын қымбат энергияға тәуелді елдің басқа амалы қалмағандай.

Марина Бекенова


Бөлісу