Елімізде тіршілік нәрі жетпеген ауылдар әлі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тіршілік нәрі жетпеген ауылдар әлі бар

14.02.2025

Түркістан облысының Келес ауданында екі бірдей ауылға құбыр тартылып, ұңғыма қазылса да, жұрт ауызсусыз отыр. Жаңатіршілік ауылында қазылған құдықтан құм шығып, Үшағаш елдімекеніндегі ұңғыма суының тұздылығы көтеріліп кеткен. Қазір мұндағы жұрт көршілес ауылдардан су тасып ішіп отыр. Екі мыңдай халық тұратын Жаңатіршілік ауылында бес жыл бұрын ұңғыма қазылып, 300-ден аса үйге құбыр тартылған. Алайда ауыл тұрғындары оның игілігін сол күйі көрмей келеді. Дәл осындай проблема көршілес Үшағаш ауылында да туындап отыр. 100-ге тарта түтіні бар елдімекенге де үш жыл бұрын ауызсу берілген. Алайда тіршілік нәрі тұзданып, ішуге жарамсыз болып қалған.

Қусан Зәкірбайұлы, Жаңатіршілік ауылының тұрғыны:

Тапсыратын күні ауылға су толық барды. Алтыншы жыл болып жатыр. Көрген күніміз - осы.

Ұлбазар Оразова, Үшағаш ауылының тұрғыны:

Ішу мүмкін емес. Төккен-шашқанға болмаса, былай ішуге болмайды. Біз оны 12 км Бірліктен салып алып келеміз, 5-6 мың теңгеден көлікпен алдырамыз.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында 88 елдімекеннің тұрғындары да тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Олардың басым бөлігі шалғайдағы ауылдар. Ол жерлерде 7,5 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Облыстық әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл елдімекендерге көрші ауылдардан аптасына бірнеше рет таза су тасымалданады. Тіршілік нәрімен қамту үшін нысандарды қалыпқа келтіру және жаңа желілерді тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу