Енді компаниялар мен жеке кәсіпкерлерді тіркеуге бақылау күшеюі мүмкін. Бизнес иелерін Face ID арқылы сәйкестендіру қарастырылып жатыр. Бүгін Үкіметте салық реформасы мәселесі талқыланып, бірқатар ұсыныс айтылды. Тағы бір бастама – құрылтайшының атына тіркелген кәсіпорындар жұмыс істемесе немесе салық берешегі болса, оған жаңа компанияларды тіркеуге тыйым салынады. Қазір жаңа Салық кодексі бизнес өкілдері және сарапшылармен кеңінен талқыланып жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, қосылған құн салығы Ұлттық қорға тәуелділікті азайтып, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Салық режимдерінің саны 364 қызмет түрінен 40-қа дейін қысқартылады. Ал бюджет кірісі бүгінде жалпы ішкі өнімнің 20%-на тең. Ал өзге елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Үкімет сондай-ақ бизнес пен мемлекет арасындағы байланысты жеңілдету үшін бірыңғай цифрлық экожүйе әзірлеп жатыр. Бұл әкімшілік жүктемені азайтып, ашықтықты қамтамасыз етеді. Онда 55 мемлекеттік деректер базасы жүктелді. Жыл соңына дейін олардың саны 100-ге дейін артады. Қазіргі уақытта 569 мың заңды тұлғаның және 1,8 млн-нан астам жеке кәсіпкерлердің профилі жасалды.
