Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыстарға тартылған Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтары қорғалады
Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыстарға тартылған Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтары қорғалады. Лондонда қос мемлекеттің тиісті ведомстволары кездесіп, бірқатар мәселе бойынша ортақ келісімге келді.
Бұған дейін екі ел арасында стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім жасалғаны белгілі. Қазақ-Британ стратегиялық диалогының бүгінгі отырысында сол құжатты ратификациялау барысы талқыланды.
Стивен Даути, Ұлыбритания мемлекеттік сыртқы істер министрі:
Біз сауда-саттық қарым-қатынастарын одан әрі дамыту мәселелеріне тоқталдық. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыбы да қозғалды.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Бүгін біз сирек кездесетін металдарды, көлік логистикасы, қаржы, білім, жасыл энергетика салалары бойынша ынтымақты нығайтудың жоспарларын құрдық.
Соңғы уақытта Англияға 6 айға маусымдық жұмысқа келуші қазақстандықтар көбейді. Енді олар жергілікті биліктің қорғауында болады.
Кэти Лич, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:
Британ агенттігімен меморандум жасалып, еңбек мигранттарының құқықтары қорғалатын болды. Түркістан қаласында орналасқан көші-қон бойынша халықаралық ұйымның жобасына қолдау көрсетіп жатырмыз.
Парламентаралық диалогты дамыту мүмкіндіктерін талқылау үшін қазақстандық тарап Ұлыбритания Қауымдар палатасы спикерінің бірінші орынбасарымен кездесті. Сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен басқосу өткізіліп, аймақтың даму перспективалары талқыланды.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:
Білім саласы біздің елде индустрия ретінде өріс алып келеді. Отандық қана емес, басқа елдерден де студенттер Қазақстанға келіп, сапалы әрі қолжетімді бағада білім алуда.
Ұлыбритания Қазақстандағы 6 ірі инвестор мемлекеттің бірі. Елімізде 700-ден астам британиялық компания жұмыс істейді. Биыл қос мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына - 33 жыл.
Марина Бекенова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы