Петропавлда салық реформасын жүзеге асырудың тетіктері талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда салық реформасын жүзеге асырудың тетіктері талқыланды

13.02.2025

Олжас Бектенов солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесіп, салық реформасын жүзеге асырудың тиімді тетіктерін талқылады. Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері жаңашылдықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қосылған құн салығынан босатылуы мүмкін. Диқандар қауымы бұл ұсынысты қолдайды.

Біржан Шәймерденов, шаруа:

ҚҚС-ті алып, көмек ретінде жасап жатқандары өте дұрыс. Неге десеңіз, ауыл құлдырап бара жатыр. Ауылды күшейту үшін Үкіметтен осындай көмек керек. Оны біз қолдаймыз. Қолымыздан келгенше ауылға жұмыс істеп, осылай ауылды көтеруге тырысамыз.

Өзгеріске сәйкес, қосылған құн салығы бойынша есепке қою шегі 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетілмек. Яғни Қазақстанда міндетті төлем жасаушылар саны артады. Қазынаға түсетін қаржы көлемі жылына орта есеппен 4-5 трлн теңгеге дейін еселенеді. Бұл Ұлттық қорға тәуелділікті және мемлекеттік қарызды азайтуға, инфрақұрылым мен өнеркәсіпке қаражат бөлуге сеп болады. Дегенмен кәсіпкерлер салық реформасы жан-жақты сараланғаны жөн дейді.

Анатолий Рафальский, кәсіпкер:

Бұл - көптеген кәсіпорындардың болашағын айқындайтын маңызды мәселе. Бүгін қосылған құн салығын көтерудің себебі мен қажеттілігі неде екенін түсіндік. Кәсіпкер ретінде онымен келісемін. Мемлекеттің ғана емес, кәсіпкерлердің де мүддесі ескеріледі деп ойлаймын.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу