Басты Жаңалықтар Ақ Азиада: Қоржында 1 күміс, 1 қола

Ақ Азиада: Қоржында 1 күміс, 1 қола

Бүгін Қытайдың Ябули тау-шаңғы курортында ел қоржынына екі бірдей жүлде түсті! Қазақстанның әйелдер және ерлер құрамасы шаңғы жарысында күміс және қола медаль иегері атанды. Отандастарымыз жарыс барысында нағыз шеберлік пен қайсарлық танытып, мықты қарсыластармен күресте үздік нәтиже көрсетті.

Айбек Намазбаев, тілші:

Шаңғы жарысынан екі жүлде еншіледік. Әуелі әйелдер арасында эстафеталық сында Камилa Елгазинова, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга және Надежда Степашкина өнер көрсетті. Әуелде жүйелі жоспар құрған құрама соңғы айналымда қытай командасынан 1 минут 25 секундқа қалып қойды.

Ксения Шалыгина, IX қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері:

Бүгінгі ауа-райы біздің нәтижеге әсер етті. Алға шыққан сәтімізде қар- жел қақ алдымыздан болып, трассаны көру мүмкіндігін төмендетті. Бірақ біз көрсеткішімізге ризамыз. 1-ші кезеңде сәтті бастадық. Қателік Қытай спортшысын тым ұзатып алғанымнан болды деп ойлаймын.

Ерлер арасынан бірінші шыққан Константин Борцов қарсыластарынан қара үзіп, уақыт көрсеткіші бойынша ұзап кеткен еді. Алайда соңына қарай ауа-райының күрт бұзылуы спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуге кері әсерін тигізбей қоймады.

Константин Борцов, IX қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері:

Иә, бүгін Қытай және жапондық шаңғышылардан басым түсіп, алтын еншілеуге тырысып едік. Бірақ эстафета бұл – спорт. Нәтиже біз ойлағандай шықпады. Бізге сеніп, қолдау білдірген жанкүйерлерден кешірім сұраймыз.

Ски-альпинизмнен аралас жұптық сындағы финал да мәресіне жетті. Қазақстан құрамасынан Нияз Жанзақов пен Әсем Назырова жарыс жолына шығып, 8-сатыға тұрақтады. Осыған дейін Нияз бен Әсем іріктеуде 9-орын алып, ақтық сынға жолдама алған еді. Еске салайық, спорттың бұл түрі ақ Азиада бағдарламасына алғаш қосылған. Сонымен қатар ол келесі жылы Италияда өтетін Олимпиада бағдарламасына кіреді.

Айта кетейік, бүгін Ябули тау-шаңғы курортына спортшыларды қолдауға ҰОК президенті Геннадий Головкин мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та арнайы келді. Жүлдегерлерді құттықтап, сәттілік тіледі. Ертең Ябулиде жарыстың соңғы күні. Сарапшылардың пікірінше кезекті алтын да түсуі мүмкін. Биатлоннан ерлер және әйелдер арасында эстафеталық бәсекелер өтеді.

Айбек Намазбаев

Бөлісу