Павлодарда 83 жастағы қария нотаны Брайль қарпіне аударып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда 83 жастағы қария нотаны Брайль қарпіне аударып жүр

04.02.2025

Павлодарда 83 жастағы қария нотаны Брайль қарпіне аударып жүр. Жеңісгүл Садықова енді зағиптар қоғамымен бірлесіп «Нүктелі до, ми, соль» жобасын іске асырмақ. Бұл Брайль әліппесін танитын жандарға музыка әлемін еркін меңгеруге жол ашпақ. Тақырыпты аймақтағы меншікті тілшіміз жалғастырады.

Жеңісгүл Садықованың бүкіл ғұмыры зағиптар қоғамында өтіп келеді. Ол 1,5 жасында көз жанарынан айырылған. Музыкалық мектепте оқып, одан соң училищеге түседі. Брайль қарпінде нота жазуға бейімділігі сол кезден қалыптасқан. Бірақ көз жанары кемшін адамдарды оқытатын тифлопедагогтар болмағандықтан аудармалары керексіз болды. Ал қазір сұраныс артып келеді.

Жеңісгүл Садықова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Ешкім жаза алмайды нотаны. Балаларға бұл керек. Жастарға керек. Музыкалық мектепке түссе, музыкалық училищеге түссе, оларға жеңіл болады. Өздері конспект жасайды, өздері нота жазады, өздері ойнайды. Тәуелді болмайды ешкімге.

Жеңісгүл Садықова өнерден ешқашан қол үзген емес. Бірнеше аспапты еркін меңгерген. Зағиптар қоғамы жанындағы «Сәулем-ай» ансамблінің белді мүшесі.

Жуырда Жеңісгүл Садықова Қостанайдағы зағиптар қоғамынан тапсырыс алды. Олар балалайка тартатын жандарға арнап бедерлі қаріппен нота жазып беруді сұрапты. Осыдан кейін кітапхана қызметкері Жәмилә Жигомпармен бірігіп «Нүктелі До, Ми, Соль» жобасын іске асыруға бел байлайды. Бұл – балалардан бастап, ересектерге де арналған Брайль қарпіндегі шығармалар жинағы. Бір әнді өңдеуге шамамен бір ай қажет.

Жәмилә Жигомпар, облыстық арнайы кітапхана қызметкері:

Егер балаларға нотаны Брайль қарпінде үйретсек, олар тез үйренеді. Себебі көзі нашар көретін адамдар өте сезімтал болады. Дыбысты және қолмен сипалау арқылы тез қабылдайды. Бала Брайль нотасын әп-сәтте үйренеді. Музыкалық білім алу қабілеттері аса жоғары.

Бүгінгі күні жиырмаға жуық музыкалық шығарма бедерлі қаріппен жазылды. Бұл жанары жоқ жандарға деген жылулықтың белгісі. Жарқ етіп шығып, тыңдаушының жадында жатталып, кейін ұмыт болған саңлақтар да аз емес. Бізде Жақсыкелді Сейілов бар. Ал әлдеқашан жаһан мойындаған, құлағы мүлдем естімеген Бетховен, көзі көрмеген әйгілі тенор Андреа Бочелли, Соқыр тарихшы Гомерді бүгін де ешкім кемтар болды дей алмайды.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу