Жайық өзеніне жоғарыдан жылдағыдан мол су ойысып жатыр. Мамандар Батыс Қазақстан облысында биыл да су тасқыны болуы мүмкін деп болжайды. Сондықтан өңірде көктемгі су тасқынына дайындық барысы пысықталды. Арнайы техникалар мен азаматтық қорғаныс қызметі мамандарының табиғи апатқа әзірлігі тексерілді.
Былтырғы алапат тасқыннан сабақ алған атқамінерлер көктемге қамданысты ерте жаздан бастады. Өңірдегі су басу қаупі бар аумақтарда 100 шақырымға созылған 54 қорғаныс бөгеті соғылды. Су қоймалары, гидротехникалық құрылымдар жөнделді. Биыл да жауын-шашын мол. Мамандар көктемде 12 ауданның барлығында дерлік су тасқыны қаупі бар екенін болжап отыр.
Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры:
Қаңтар айы биылғы жылы өткен жылғыдай жаңбырлы күндерге толы болды. Соның әсерінен облыстың солтүстік аудандарында топырақтың бетінде 2 см-ге дейін мұз жабындысы қалыптасты.
Тасқын қаупі төнгенде, төтенше жағдай қызметі 4 мыңнан астам адамды жұмылдыра алады. Жауапты құрылым жаңадан жол талғамайтын «Трекол» көлігі, қайық, жарық мұнараларымен жарақтандырылған. Тікұшақ та айтып келмейтін апатқа әзір тұр. Өзге де арнайы қызметтер тасқынның алдын алу мен салдарын жоюға дайынбыз дейді.
Гүлдана Кереева, облыстық Санэпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Ауызсудың сапасын қараймыз, лабораториялық зерттеулер, топырақтың да. Сонымен қатар, үйлер суға кететін болса, адамдардың уақытша орналасу пункттерінде тағамның сынамасын, ауызсудың сынамасын аламыз.
Өңірде қауіпті аумақтарды зерделеу бойынша арнайы «Жол картасы» әзірленген. Төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі кеңейтілген отырыста су қоймалары мен тоғандардың жағдайын бақылау, тасқын суды өткізетін арналарды тазалау туралы тапсырма берілді.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
Біз қазір әрбір елдімекенге жауапты адамдарды бекітіп жатырмыз. Күш-құралдарымыз жеткілікті. Өзімізде 1800-ге жуық арнайы техникамыз бар. Барлық тиісті жауапты құзырлы мекемелерді бөліп қойдық. Әрбір аудан, қала деңгейінде, әрбір ауылда 10 наурыздан бастап кезекшілікке шығамыз.
Ресейлік мамандардың мәліметінше, Жайық бойындағы Иреклі су қоймасы 83% толып тұр. Өңірге былтырғыдан 4 есе көп су жіберіліп жатыр. Десе де мамандар былтырғы тасқыннан сабақ алдық, айтып келмейтін апатқа сақадай саймыз деп уәде беріп отыр.
Ардақ Мұратқызы
