Ұлттық қордан негізсіз аударымдар биыл да болуы мүмкін - сарапшылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қордан негізсіз аударымдар биыл да болуы мүмкін - сарапшылар

16.05.2023

Қорға қол созу тыйылмай тұр. Ол туралы былтыр Мемлекет басшысы бірнеше рет тапсырма бергенмен биыл да шенділер келешек қоржынынан қомақты сома алған. Ұлттық қордан бюджет тапшылығын жабу мақсатында жылда аударылатын міндетті трансферттер бар. Ол арнайы жоспарда алдын-ала бекітіледі. Бірақ Үкімет соңғы жылдары қосымша қаржы бөлдіруді әдетке айналдырған. Пандемия уақытында резервтен 6,6 трлн теңге алынса, былтыр да дәл сол сомаға трансферт жасалды. Сарапшылар негізсіз аударымдар биыл да болуы мүмкін дейді.

Мақсат Халық, экономист:

Осы жылы нақты 3 жылдық бюджетте бекітілген жоспар бойынша 2,2 трлн теңге аударылуы қажет болған. Бірақ наурыз кезінде тағы да өзгертулер жасап, қосымша 800 млрд теңге аударып, оны 3 трлн теңгеге дейін жеткізді. Ол енді басы ғана. Енді алда жыл аяқталғанша мақсатты аударымдар деп аударуы мүмкін.

Бюджет жыртығын қормен жамау жақсылыққа апармайтыны белгілі. Сол үшін арнайы тұжырымдама да бекітілген. Бірақ ол ереже әзірге толық жұмыс істеп тұрған жоқ.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары:

Былтырғы республикалық бюджет жаңа ереже бойынша бекітілген. Бірақ елдегі саяси науқанға байланысты ереженің мемлекеттік шығындарды шектеу бөлігі алынып тасталды. Біз келесі жылдан бастап бұл ереже толыққанды іске қосылады деп үміттенеміз. Өйткені ақша-кредит және бюджет-салық саясатының өзара қайшы келмеуі маңызды. Яғни шығын табыстан аспауы керек.

Нарық заңына сай артық ақша массасы инфляцияны үдетеді. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қанша көтергенмен, құнсыздану ырыққа көнер емес. Сондықтан мемлекет шығыстарын азайту үшін контрциклдық қағида қолданылуы керек.

Абзал Әбдікәрімов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Ол қағидалар бойынша белгілі бір мұнай бағасының белгілі бір деңгейіне дейін Ұлттық қордан түсетін ақшаларды реттейтін боламыз. Белгілі бір мөлшері ғана жыл сайын аспауы керек. Яғни Ұлттық қорға түсіп жатқан қаражаттан біздің шығыстарымыз одан көп болмауы керек.

Үкіметке Ұлттық қорды 2030 жылға дейін 100 млрд АҚШ долларына жеткізу міндеттелген. Ол тапсырма орындалуы үшін келешек қоржынына қол салуды тоқтату керек дейді мамандар.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу