Басты Жаңалықтар Алматыда көпқабатты үйдің тұрғындары 1 аптадан бері сусыз отыр

Алматыда көпқабатты үйдің тұрғындары 1 аптадан бері сусыз отыр

Ал Алматыда «Шаһар Сити» тұрғын үй кешенінің тұрғындары 1 аптадан бері тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Су тәулігіне бір рет қана беріледі. Одан көп қолданса, жөртелесін су басып, құбырлары жарыла бастайды екен. Себебі, мұнда қарапайым кәріз жүйесі дұрыс жүргізілмеген. Жайлы баспана деген жай аты ғана деп ащынған жұрт, арызын айтып арнамыздан көмек сұрады.

Тізім осылай жалғасып кете береді. Ең басты мәселе: «ШаҺар сити» және «Солтүстік» тұрғын үй кешендеріне кәріз құдығы ортақ. Ал оның тереңдігі 4 метрге де жетпейді. Салдарынан лас су жиналатын таяз тоған күн өтпей толады. Ернеуінен асқан арам су кері қарай ағып, жертөлені де басып қалған. Ал оны тазалау ісіне тұрғындардан басқа ешкім бас қатырып жатқан жоқ.

Анар Рүстембекова, қала тұрғыны:

Жаңа басқарушы компания келіп жатыр. Олар айтады, ескі компанияның 28 млн қарызы бар екен. Сол үшін сіздер қалалық балансқа өтпей жатсыздар дейді. Ол қарыз қайдан шықты. Неге ескі басқарушы компания сондай қарызды жинап алып, басқа жаңа компанияға өткізеді де кетіп қалады?

Сұрақ көп, жауаптар мардымсыз. Мұндағы жұрт кәріз құдығы толғандықтан, 1 аптадан бері сусыз отыр. Қалада тұрып қара суға зар боламыз деп ойламадық, дейді тұрғындар.

Мейрамгүл Тынысбекова, қала тұрғыны:

Бес күн бойы су болған жоқ. Ең құрығанда әжетханаға бару қиын болды. Таңертең өшіреді. Кешкі 7-де болады. Суымыз жоқ. Бетімізді де жуа алмадық. Одан кейін түнгі сағат 12-де кір жумаңдар дейді. Кір жусаңыздар мынаның барлығы толып кетеді дейді.

Жауаптылар мәселені шешуге құлықсыз секілді. Алатау ауданының әкімі сұхбат беруден бас тартты. Ал тоғанның толуына себепкер болған жапсарлас жатқан тұрғын үй кешенінің өкілі былай деп отыр:

Саяуш Нұртазин, «Солтүстік» тұрғын үй кешенінің өкілі:

Дәл жанында орналасқан тұрғын үй кешенін біз екі жыл бұрын салып бітірдік. Кәріз құдығын біріктірген кезде құрылыс басқармасынан рұқсат алдық. Енді қазір әкімдік жиналысқа шақырып жатыр. Бұл мәселені талқылаймыз. Қалай шешіледі, не болады нақты айта алмаймын.

Әкімдіктегілер апта аяғында халықпен қайта кездеспек. Сол кезде мәселенің мән-жайын анықтап шешуге ниетті. Ал ауыз судан тарыққан жұртқа сенбіге дейін тағы да амалдай тұруына тура келеді.

Ернұр медет


Бөлісу