АҚШ-та ұлықтау рәсімі кезінде экстремистерден қауіп төнуі мүмкін
Екі күннен соң екінші рет АҚШ президенті болып сайланған Доналд Трамптың инаугурациясы өтеді. Бірақ ұлықтау рәсімі кезінде экстремистерден қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан Вашингтон шаһарында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Бүкіл елден мыңдаған полиция қызметкері көмекке тартылмақ. Ақ үй мен Капитоллидің маңындағы қарбаласты көріп қайтқан меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Дональд Трамптың инаугурациясының негізгі қоғамдық бөлігі 20 қаңтарда Вашингтонның орталығында, осы Капитолийі мен Ақ үйде арасында өтеді. Осы жерде елдің 47-ші президенті ретінде ант қабылдайды. Сондықтан мұнадағы негізгі нысандарды айнала екі жарым метрлік темір қоршаулар орнатылып, бетон блоктар қойылды.
Темір қоршаулардың ұзындығы бірнеше шақырымға жетеді. Жергілікті билік стратегиялық нысандармен қатар президенттің кортежі жүріп өтетін көшені де жағалай қоршап қойған. Ал, Капитоллидің алды қазірден тәртіп сақшыларына толы. Полиция өкілдері сәт сайын айналаны иісшіл иттермен шолып, тексеріп жүр.
Бұл күнді төрт жыл күткен Трамптың жақтастары ол үшін алдын ала билет сатып алған.
Мэттью Джонсон:
Күн суытады немесе қауіп-қатер бар деген уайым айтылып жатыр. Бірақ ешкім жағдайдың қалай өрбитінін нақты білмейді. Алыстан арнайы келген соң ұлықтау рәсіміне қатысамыз. Биліктің бейбіт жолмен берілу процесін көріп қолдау білдіргіміз келеді.
Бірақ оның қайта сайлануына қарсы топтар да қарекетсіз қалмақ емес. Мыңдаған адам наразылық шеруіне шықпақ.
Томас Мангер, АҚШ Капитолий полициясының бастығы:
Ең үлкен қауіп, менің ойымша, жалғыз әрекет ететін қаскөйлерден болмақ. Өткен аптада ғана президент Картерді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтіп жатқанда Капитолий маңында осындай екі күдіктіні ұстадық.
Вашингтондағы ұлықтау рәсімі кезінде мұндай қайғылы жағдайды болдырмас үшін ұзын саны 25 мыңдай құқық қорғаушы мен әскери тартылмақ. Бақылау жерден де көктен де жүргізіледі.
Мэтт МакКул, Вашингтондағы АҚШ Құпия қызметінің арнайы агенті:
Федералды авиация басқармасы Вашингтон қаласы және оның айналасындағы ұшуға уақытша шектеу қояды. АҚШ жағалау күзеті де теңіз қозғалысына қатысты кез келген шектеулерді алдын ала хабарлайды.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Айта кетейік, былтыр қараша айында өткен президент сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамп екі рет әйел қарсыластарын жеңген және 78 жасында ел тізгінін қайта қолына алған АҚШ тарихындағы ең егде президент болмақ.
Жалғас Сәдібекұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
