«Алматы мен Астана әуежайларында иесі алып кетпеген жүкті 1099 теңгеге сатып алыңыз. 1000 теңгеге «Оңай» картасымен қоғамдық көлікте жарты жыл тегін жүру мүмкіндігіне ие бол. Бургер комбосы небәрі 999 теңгеге сатылады!» Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде мазмұны осы тектес жазбалар қаптап кетті. Арзан бағамен арбайтын алаяқтардың тағы бір жымысқы әрекетіне тосқауыл болмай тұр. Арам пиғылды адамдардың айласын әшкере ету үшін неге мән беру қажет екені туралы тілшіміз Қаракөз Тұрмағанбеттің материалында.
Әлеуметтік желілерде Алматы әуежайы атынан ашылған парақшалар пайда болған. Онда иесіз қалған не жоғалған жүктерді 1099 теңгеге сатып алу туралы хабарландыру жарияланған. «Қайырымдылық акциясы» деп жарнамасы «мен мұндалаған» жазбалар - қып-қызыл өтірік», дейді мекеме өкілі.
Найля Жабагина, Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметінің басшысы:
Жоғалған жүктер сатылымына қатысты ақпарат шындыққа жанаспайды. Әуежай ешқандай аукцион өтіп жатқан жоқ. Мұқият болып, алаяқтардан сақ болыңыз.
100 мыңнан астам қаралым мен жүздеген лүпіл жинаған посттардың астындағы пікірлерде есеп жоқ. Арзан бағаға қаншама жүк сатып алғанын көрсеткен суреттер де жетіп артылады. Сөйтіп сенім ұялатқан айлакерлердің айласы мұнымен шектелмейді.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
Қызықтың көкесі жазбадағы сілтемеге өтіп, чемодан таңдау кезеңінен басталады. Алдыңыздан тоғыз ұяшық шығады. Мұнда үш таңдаудың алғашқы екеуі міндетті түрде сәтсіз, ал үшіншісі сәтті болып шыға келеді. Осы жерде азартқа кіріп, жеке деректемелеріңізді толтырып кетуіңіз бек мүмкін.
Аты-жөнін атамауды өтінген Астана тұрғыны дәл солай алданған. Небәрі 999 теңгеге комбо-бургер сатып алуды ұсынған жазбаға әуелгіде сенбегенімен, жеңілдік беретін қорапшаны тап деген ойынның жетегінде кеттім дейді ол.
Қала тұрғыны:
Үш мүмкіндіктен кейін шықса, ұтасың деген. Сонда жеңілдікті ұтып алдыңыз ба? Иә, ұтып алдым. Әрі қарай карточканың нөмірін сұрады, төлем қабылдады. Сосын қате болып қайтадан келді. Сосын тағы да төледім. Сөйтіп бұл алаяқ деп ойладым.
Әлгіндей посттарға алданып, қалтадан қағылмау үшін мынадай жайттарға мән берген жөн, дейді фактчекер-сарапшы Думан Смақов.
Думан Смақов, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы:
«60 теңгеге хот-дог алып, қарнымды тойдырып алдым, студенттер үшін жақсы көмек» деген сияқты дүние болса, барлық пікір бірдей сарында болса, сілтеме арқылы өткен кезде дербес деректерді сұрап жатыр ма? Аты-жөніңіз, жеке куәлігіңіздің нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі немесе мобильді телефоныңыз, электронды поштаңыз, қандай да бір қызығушылығыңызға қатысты ақпарат сұрап жатыр ма? Бұл - дұрыс емес. Өйткені сататын ұйымдар мұндай деректеріңізді ешқашан сұрамайды.
Әсіресе банк картаңыз бен дербес деректеріңізді сұратқан парақшалардан абай болыңыз. Өйткені ондайда не шотта жатқан ақшаңыздың бәрін үптеп кетеді, не атыңыздан несие рәсімдеп, сізді қарызға батырады.
Қаракөз Тұрмағанбет
