Басты Жаңалықтар Алматыда жылусыз қалған он мың отбасының мәселесі шешілді

Алматыда жылусыз қалған он мың отбасының мәселесі шешілді

Алматының Түрксіб ауданында 10 мыңнан аса баспана жылусыз қалды. Аудан тұрғыны үйіне кәріз жүйесін өз бетінше жүргізбек болып, жер астындағы газ құбырын зақымдаған. Осының салдарынан бүтін бір шағын ауданның тұрғындары жылусыз қалды. Бүгін таңертеңнен бері жөндеу жұмыстары жүргізіліп, түс ауа газ құбыры қалпына келтірілді. Қазір жылусыз қалған жеке тұрғын үйлер мен пәтерлерге көгілдір отын біртіндеп беріле бастады. Бұл жұмыстар түнгі сағат 22:00-ге дейін толық аяқталады, дейді мамандар. Болған істің ізімен тергеу жұмыстары басталып, келтірілген залал сомасы есептелуде. Құбырды зақымдағандар жауапсыз қалмайды. Апат салдарын жоюға кеткен барлық шығын кінәлі азаматқа жүктелмек.

Ахат Жаңбырова, Түрксіб ауданы әкімі аппаратының инженерлік және жол инфрақұрылымдық даму бөлімінің басшысы:

Асханаға кәріз желілерінің құрылысын жүргізген. Ешқандай құжаты болмаған. Техникалық шарт алынбаған. Құрылыс жұмыстарына жоба жасалмаған. Осыған орай заңсыз жасалынған жұмыстар газ желілерінің зақымдануына әкеліп соқты. Кінәлі адамдарға міндетті түрде әкімшілік шара қолданылады. Және де апатты қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілген шығындарының бәрі сол кісілердің мойнына ілінеді.

Ернұр Медет

Бөлісу