Мұз үстіне көлікпен шығатындарға тоқтау болмай тұр. Тек Ақтөбе облысының өзінде былтырдан бері 3 оқыс оқиға тіркеліп, 3 адам қаза тапқан. Сондықтан құтқарушылар мен полицейлер рейдке шығып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертіп жатыр.
Бұл Шалқар ауданында болған жағдай. Бір жыл бұрын да дәл осы аумақта мұз ойылып кетіп, «Нива» көлігі суға батып кеткен еді. Оның ішінде болған үш адамның біреуі қаза тапты. Құтқарушылардың айтуынша, көбіне ескертуге құлақ аспайтын балықшылар мен аңшылар екен. 20 жылдан бері мұз үстінде балық аулайтын Денис Савицкий бірнеше мәрте ойыққа түсіп кете жаздағанын айтады. Ол ең бастысы сақтық шараларын қатаң сақтау керек дейді.
Денис Савицкий, балықшы:
Оқыс жағдай болды. Бірде мұз ойылып кетіп, бір аяғымды ойыққа тығып алдым. Бүкіл денеммен құлағанда қайғылы жағдайға ұшырауым мүмкін еді. Содан бері әрдайым сақтанып жүремін. Көбіне тәжірибесіз балықшылар қауіпсіздік ережесін сақтай бермейді.
Бүгін мұздағы ойыққа екі құтқарушы батып кете жаздады. Оларды әріптестері құтқарып қалды. Әрине бұл оқу-жаттығу сценариі бойынша жасалған әрекет. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Елек өзеніне келетін балықшыларды жинап, қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Әсіресе мұздың үстіне от жағу және көлікпен шығудың арты қайғылы жағдайға әкеледі.
Жанболат Төлепбергенов, ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
Ойыл ауданында көпірден ауып кеткен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл жерде екі қаза тапқан адам болды. Одан кейін 18 желтоқсан күні Шалқар ауданы Шалқар қаласы Шалқар өзенінде бір автокөлік мұз астына түсіп кеткен фактісі тіркелді. Бірақ зардап шеккен адам болған жоқ.
Мұздың қалыңдығы 10 сантиметрден асқанда ғана бір адамның жүруіне рұқсат. Бір топ жанды көтеру үшін су 25-30 сантиметрге дейін қатуы тиіс. Ал көлікпен мұз айдынының үстіне шығуға мүлде болмайды. Оған арнайы айыппұл қарастырылған.
Жақсыбек Кемал