Жамбыл облысы Шу ауданындағы 11 мектептің оқушысы сабақта сырт киіммен отыруға мәжбүр. Өйткені білім ұяларында жылу жоқ. Екі жыл бұрын көгілдір отын кіргенімен, әлі күнге көмір жағып отыр.
Құбырдағы қысымның төмендігінен газ жарытып жетпейді. Сондықтан табиғи отынды қосуға тыйым салынған. Аудан орталығындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназия 65 жыл бойы көмір жағып келеді. Ал қыста бір мектепті жылыту үшін 6 млн теңгеге 300 тоннадай қара отын алынады. Жалпы аудандағы 90 білім нысанының жартысы көмір тұтынады.
Гүлзат Оспанова, мектеп директорының орынбасары:
Күн жылы болғанда 1,5 тонна кетеді. Газ болғаны дұрыс қой. Барлық жерде газ болып жатқанда бізде де газбен болғаны ыңғайлы. Таза, жылы болады.
Ал 3 жыл бұрын ауданда автоматты газ тарату станциясы салына бастады. Бастапқыда құрылыс құны 4 млрд теңге болғанымен, кейін екі есеге шарықтап шыққан. Бүгінде бюджеттен бөлінген 3 млрд теңге жетпегендіктен аймақ жауаптылары Астанаға алақан жаюға мәжбүр. Биыл 5 млрд теңге бөлінсе, станция құрылысы аяқталады деп отыр.
Ғалым Исақов, Жамбыл облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
Бүгінгі күнге дейін біз үкіметтен, министрліктен қаржы сұрадық, бірақ бүгінгі таңда бізге қымбаттау құнының қаржысы бөлінген жоқ. Сол себепті қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдындағы бөлінген қаржы бар. Облыстан тағы қосымша қаржы бөлген - 250 миллион теңге. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Данияр Әлімқұл