«Жібек жолы» туристік пойызы кезекті сапарын сәтті аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жібек жолы» туристік пойызы кезекті сапарын сәтті аяқтады

09.01.2025

Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын «Жібек Жолы» туристік пойызы кезекті сапарын сәтті аяқтады. Теміржол туры Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Шымкент бағыттарын қамтыды.

Жүрдек пойыз қыдыруға қолайлы. Ең бастысы - қауіпсіз. Жолаушылардың басым бөлігі осыны негізге алған. Көптен бері кішкентай қызымен Өзбекстанға баруды жоспарлап жүрген Нұркүлен Шәріпханова теміржол турының іске қосылғанына қуанышты. Бұрын-соңды басқа бағыттарда қолданылмаған жаңа вагондар жылы әрі жайлы. Іші ұлттық нақышқа сай безендірілген.

Нұркүлен Шәріпханова, турист:

Пойыз өте ыңғайлы, автобустағыдай шаршамайсың. Түнімен ұйықтап барып, күндіз қалаларды аралайсың. Жасалған жағдайы ұнады. Телефонды қуаттауға болады. Теледидар көруге болады.

Салтанат Беделбаева, турист:

Өте ыңғайлы, рахат екен. Автобуспен жүрсе, адам шаршайды, белі, аяғы ауырады. Біздің жасымызда ұшақпен ұшу кішкене қорқынышты. Ал пойыз ыңғайлы, өзім өте ризамын

Халықаралық маршрут саяхатшыларға көне қалалардың атмосферасына еніп, екі елдің рухани мұрасымен танысуға мүмкіндік береді. Барлық экскурсия кәсіби гидтердің сүйемелдеуімен өтеді. Ал қалаішілік қозғалыс арнайы автобустар арқылы ұйымдастырылған.

Руслан Жалғасбай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ оңтүстік филиалының директоры:

Бірінші турымыз қараша айында өтті. Ол кезде тек Ташкент қаласына дейін ұйымдастырылған еді. Бірақ осы екінші турымыз Самарқанд қаласына дейін созылды. Бізде мына туристік компаниялардан ұсыныс болса, біз туристік пойыздарды ұйымдастыруға дайынбыз.

Туристер Түркістан мен Ташкенттің киелі жерлерін аралап, одан ары Самарқанға бет бұрады. Мұндағы менмұндалап тұрған ерекше ғимарат – Регистан алаңы. Қатар тұрған үш медреселік ансамбль аймақтың жүрегі саналады.

Ернұр Медет, тілші:

Ала шапан киген ағайынның көне архитектуралық нысандары көпшілікті таңдай қақтырары анық. 900 жылдан астам тарихы бар Регистан алаңы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Шығыс сәулет өнерінің осы жауһарын көру үшін былтыр 2 млн-нан аса адам келіпті.

Сапар Шымкент шаһарымен аяқталады. Бұл бағыт жаңадан қосылды. Тур бағдарламасы тағы да өзгеруі мүмкін. Осы жолы пойыз 120-ға жуық демалушыны тасымалдады. Алдағы уақытта вагон санын көбейтіп, жолаушылардың да санын арттырамыз, дейді жауаптылар.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу