Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы әскерилер тұратын қалашықта әлі күнге газ жоқ. 12 мың тұрғыны бар Гвардейскіге кеңестік кезеңнен бері көгілдір отын кірмеген. Бұл мәселе енді Парламент қабырғасында көтерілмек.
Аталған ауданға Сенат депутаты Бекболат Орынбеков барып, бірнеше мәселенің тиегін ағытты. Соның бірі газдандыру жүйесінің жоқтығы. 57 көпқабатты үйдің тұрғындары әлі күнге сұйытылған газ тасып әуре. Ал баспаналарда баллон жағып, ас пісіру өте қауіпті. Сондай-ақ жылыту мәселесі де шешілмеген. Қазандығы тозып, құбыры шіріп кеткен. Оның үстіне мазутты газға ауыстыру шешілмеген. Қалашықта ауыз мәселесі де ақсап тұр. Тұрғындарға тіршілік нәрі 4 шақырым жердегі Отар станциясынан келеді. Былтыр республикадан су станциясын салу жобасы қолдау тапқанымен, қаржы бөлінбеген.
Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Ауыз сумен қамтамасыз ету, қайта қалпына келтіру жұмыстары мен қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Оған республика деңгейінде 400 млн теңге қаржы бөлінді. Облыс әкімдігі, Қордай ауданы әкімдігі өз тарапынан Бюджеттік Кодекске сәйкес жобалық-сметалық құжаттамасын бәрін әзірлеп берген. Бірақ сол жобалар шешімін таппады. Осы мәселені біз көтереміз.
Данияр Әлімқұл