Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев 23 рет шет мемлекетке сапарлады. Президент кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Түрлі халықаралық жиындарға қатысу үшін тағы 11 елде болды. Осылайша, Президент шетел сапарына 36 күнін арнаған. Сондай-ақ, жыл басынан бері 11 мемлекеттің басшысын Ақордада қабылдап, келіссөздер жүргізді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңірін аралады. 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті. Осылайша, еліміздің бірінші борты 158 983 шақырым жол жүріп, 245 сағат 18 минутын, яғни 10 тәулігін ұшақ пен тікұшақта өткізген. Ал бұл Жер шарын шамамен 4 рет айналып шыққанмен тең.
Осындай берік халықаралық қатынастардың арқасында елдер арасында алыс-беріс артты. 11 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,8 трлн теңгеге жетті. Бүгінде жалпы құны 796 млрд теңге болатын 134 жоба іске қосылған. 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Көлік-транзит бағытында да нәтижелі жұмыс бар. Қытайдың Сиань қаласында Көлік-логистика орталығын ашты. Бұған қоса, Транскаспий халықаралық дәлізі бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлері жеткізілетін болды.