Жер сілкінісі болған Газиантепте Қазақстан салып беретін мектептің іргетасы қаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер сілкінісі болған Газиантепте Қазақстан салып беретін мектептің іргетасы қаланады

19.12.2024

Былтыр ақпан айында Түркияда жойқын жер сілкінісі болып елу мыңнан аса адам қайтыс болған еді. Сол зілзаладан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бауырлас елдегі бұл жұмысқа Қазақстан да атсалысуда. Бүгін ғана Түркияның Газиантеп аймағында біздің елдің атынан салынатын мектептің іргетасы құйылды. Қуанышты жаңалықпен бөлісу үшін бізбен Түркиядағы тілшіміз тікелей байланысқа шығып тұр. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Дәл қазір мен Түркияның Газиантеп провинциясына қарасты Нұрдағы қаласында тұрмын. Жаңа ғана осы жерде мектептің іргетасы құйылды. Бұл жәй мектеп емес былтырғы алапат жер сілкінісінде жермен жексен болған Нұрдағы қаласына Қазақстанның тартуы. Зілзаладан зардап шеккен аймаққа Қазақстан атынан мектеп салып беру туралы ұсынысты Түркия президентіне мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың өзі айтқан болатын. Міне бүгін сол ұсыныс жүзеге асты. Білім ордасының іргетасын құю шарасына Қазақстан тарапынан Түркиядағы төтенше және өкілетті елші Еркебұлан Сәпиев пен Газиантеп провинциясының губернаторы Кемал Чебер қатысты. Жобаның жалпы құны 6 млрд теңге. Мектеп құрылысын толықтай Қазақстан үкіметі қаржыландырып, отандық компания салады. Құрылысты жобалау жетекшісінің айтуынша мектеп 2026 жылы пайдалануға беріледі.

Ерденет Гүнтоған, құрылыс жобасының жетьекшісі:

Былтырғы қуатты жер сілкінісінен соң біз бұл мектеп ғимаратын Түркияның білім министрлігі бекіткен мектеп салу стандарттарынан да жоғары етіп жобаладық. Яғни үш қабатты мектеп 9 балдық жер сілкінісіне шыдамды етіп салынады. Құрылысты 2026 жылдың қаңтар айында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Заманауи жабдықталған үш қабатты мектепте 960 бала білім алмақ. Жаңа мектеп салынады дегенді естіген жергілікті тұрғындардың қуаныштары қойындарына сыймай жүр. Әсіресе балалар мәз. Былтырғы жер сілкінісі кезінде 40 мыңнан аса адам тұратын Нұрдағы қаласы толықтай дерлік қирап қалған болатын. Ел билігі қаланы қалпына келтіргеннен көрі жаңадан салып шыққан дұрыс деген шешім қабылдап қазір тың жерден жаңа шаһар бой көтеруде. Бұл құрылысқа қазақ елі де орта мектеп салып беру арқылы өзінің үлесін қосуда. Құрылысты қазақстандық компания жүргізеді. Ал түркиялық бауырлар қиын күндердегі Қазақстанның көмегін ешқашан ұмытпаймыз дейді.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу