2024 жылы әлем жұртшылығын елең еткізген саяси оқиғалар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2024 жылы әлем жұртшылығын елең еткізген саяси оқиғалар

17.12.2024

Өтіп бара жатқан 2024 әлем үшін сайлаулар жылы болды. Себебі биыл планета тұрғындарының жартысына жуығы тұратын 70 шақты елде азаматтар дауыс беруге барған. Дегенмен кейбір мемлекеттерде билік сайлаумен емес, қарудың күшімен, тіпті апаттан ауысты. Жылдың негізгі саяси оқиғаларына Арыстан Рысбек шолу жасайды.

Өтіп бара жатқан 2024 жыл Таулы Қарабақтың Әзербайжан құрамына қайта кіруімен басталды. Дәлірек айтсақ, қаңтардың 1-де бір кездері армяндар біржақты жариялаған Арцах Республикасының жойылуы туралы қаулы күшіне енді.

Биыл Үндістанда әлемдегі ең ұзақ әрі ең үлкен парламенттік сайлау өтті. Онда 968 миллион адамның 70 пайызы дауыс берген. Және де бұл сайлау сәуірдің 19-да басталып, жеті кезеңге бөлініп, маусымның 1-де ғана аяқталды. Сайлауда премьер-министр Нарендра Моди бастаған ұлтшылдардың Халықтық партиясы жеңіске жетті.

Ал жазда Иранда президент ауысты. Бұған сайлау емес, мамырдың 19-да Иран-Әзербайжан шекарасында болған авиациялық апат себепші. Одан Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси мен сыртқы істер министрі Әмір Абдоллахиян және өзге де жоғары лауазымдылар мен жолаушылар түгел қаза тапты. Ал шілденің 30-да Иранда жаңа президент Масуд Пезешкиан ант беріп, қызметіне кірісті.

2024 жылы дүние жұртының назарын ерекше аударған оқиғалардың өзге бірі қарашаның 5-де болды. Сол күні өткен президенттік сайлауда республикалық үміткер Дональд Трамп демократ-қарсыласы Камала Харристі ойсырата жеңді. Америкада Трампқа дейін 1892 жылы Гровер Кливленд қана осылай Ақ үйге триумфпен оралған екен.

Қарашаның 26-сы. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Ливанда Израиль мен «Хезболланың» атысты тоқтату туралы келісім жасағанын жариялады. Мұның нәтижесінде 4 мыңға жуық адамның өмірін қиып, миллионнан астам ливандықты үйінен босытып жіберген соғыс аяқталып отыр.

Желтоқсанның 3-де Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл әскери жағдай жариялады. Сол күнгі телевизиялық үндеуінде ол оппозициялық «Демократиялық партияны» Солтүстікке жанашырлық танытып, «мемлекетке қарсы әрекет жасады» деп айыптады. Дегенмен жаңа режим ұзаққа бармады. Арада алты сағат өткенде парламент дауыс беріп, Юнның шешімінің күшін жойын, күн тәртібіне импичмент мәселесін шығарды.

Қарашаның 27-де Сирияда «Хаят Тахрир әш-Шам» тобы бастаған оппозициялық күштер үкімет армиясына қарсы шабуылға кірісті. Оның нәтижесінде Алеппо, содан кейін Хама, Хомс қалалары мен мемлекет астанасы Дамаск көтерілісшілердің қолына өтті. Осылайша, Араб Республикасында Асадтар әулетінің 53 жылға созылған билігі құлап, президент Башар Асад Мәскеуге қашты. Қазір Сирияда өтпелі үкімет құрылып жатыр.

Арыстан Рысбек 

Хабарламаларға жазылу