Стамбұл қаласында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» атты қазақ операсының премьерасы өтті. Абай атындағы опера және балет театрының әртістері Жошы ханның үшінші әйелі Хан Сұлтанның образы арқылы Алтын Орданың құрылу кезеңіндегі тарихи оқиғаларды ерекше жеткізді. Ататүрік мәдени орталығында ине шаншар орын болмады. Операның Түркиядағы тұсаукесері туралы Айдос Әшімұлының бейнематериалынан көрейік.
Сахнаның безендірілуі. Музыка. Костюм. Бұл операда барлығы ерекше. Көрермендер опера емес құдды бір көркем фильм көріп отырғандай әсерде қалды. Содан да болар түркиялық талғампаз көрермен қойылым бойы дүркін-дүркін ду қол шапалақтап өнерпаздарға ризашылығын білдіріп отырды.
Опера композиторы Хамит Шанғалиевтің айтуынша, бұл туындыны классикалық опералардан өзгешелеп тұрған – қазақы нақышта болуы және музыкасын жазғанда жасанды интеллектінің қолданылуы.
Хамит Шанғалиев, композитор:
Бірінші ерекшелігі бұл қазақи опера. Еуропадан, Брусиловский, Мұқан Төлебаевтан ерекшелігі бұл жерде мен қолданған әдісім - қазақи мелодияларды жеңіл түрде операға қостым. Қарапайым халық тыңдағанда қазақи үнді операдан естісе екен деген сияқты. Либреттоның структруасын түзетіп, маған көмектескен сол искуственный интеллект. Заманауи әдістермен жасалған опера.
Бұрындары Түркияда Шыңғыс ханға, Алтын Ордаға қызығушылық аз болатын. Дегенмен кейінгі жылдары әсіресе жастар арасында бұл бағытта ізденушілер артқан.
Илияс Кемалоғлы, Операның тарихи кеңесшісі, профессор:
Бұл Алтын Орда туралы әлемдегі алғашқы опера дей аламыз. Алтын Орда Түркі елдерінің бәріне ортақ. Сондықтан түркиялық көрерменге де опера ерекше әсер етері сөзсіз. Бұл туынды тек Түркия ғана емес өзге де түркітілдес елдеріне үлгі болады деп ойлаймын.
Шамамен үш сағатқа созылған қойылымды екі мың адам тапжылмай отырып тамашалады. Түркиялық көрермен опера аяқталған соң тік тұрып қол соғып, әртістерді ұзақ уақыт сахнадан жібермеді. Басты рөлдерді сомдаған Зарина Алтынбаева мен Мақсат Саматовқа ерекше қошемет көрсетті.
Керемет опера болды. Өте үлкен ұжым. Сахна, декорация, киімдердің барлығы ерекше әсер етті. Тек опера көрмедік, сонымен қатар тарихымызды да таныдық.
Қазақ бауырларымыз өте ерекше опера дайындаған екен. Меніңше қазақ халқы бүкіл түркі елдері арасындағы ең өнерлі халық. Қазақ халқын құттықтаймын!
Опера көп қуанышты болдым көп жақсы өтті, керемет күшті болдым. Түркияға келіп осы жақтағы халыққа Қазақстанның күшті операсын көрсеткеніне біз қуанышты болдық. Көп рахмет!
Премьерадан соң ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы өнер ұжымын арнайы медальдармен марапаттап, құрмет көрсетті. Түркі әлемінің түп тамыры Алтын Орданың тарихы туралы ерекше туынды түркітілдес елдер арасындағы ынтымақты нығайта түсетіні сөзсіз.
Айдос Әшімұлы