Қатерлі ісікті жасанды интеллектпен анықтайтын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатерлі ісікті жасанды интеллектпен анықтайтын болды

05.12.2024

Жамбыл облысында қатерлі ісікті жасанды интеллекттің көмегімен анықтайтын болады. Келесі жылы Таразда жаңа технология енгізілмек. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Жаңа жүйе науқастарды ерте диагностикалау мен жедел емдеу үшін тиімді. Радиолог маман жетіспейтін шалғай аудан және ауыл тұрғындарының мәселесін шешуге де сеп болады. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары, созылмалы респираторлық ауру, диабеттен көз жұмғандардың санын төмендету бағытында жұмыс жүріп жатыр. Аймақ басшысы медицина саласына көрсетіліп жатқан қолдауға тоқталды

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Бюджет қаражаты есебінен 5 млрд теңгеге 18 бірлік медициналық диагностикалық, 38 санитарлық машина сатып алынды, бұл ерте диагностиканың, жедел жәрдем жұмысының сапасы мен ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал Тараз қаласы жуырда екі әкімшілік ауданға бөлінеді. Ербол Қарашөкеевтың сөзінше, бұған қатысты Үкімет қаулысы дайын. Жақында мәслихатпен бірлесіп шешім шығарады. Өйткені заң бойынша халық саны 400 мыңнан асқан облыс орталығын екі ауданға бөлу қажет. Шаһарда қазір 430 мыңнан астам адам тұрады.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу