Қазақстан мен Қырғызстан өзара тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 млрд долларға жеткізу міндеті тұр. Бұған қос ел бірлесіп салғалы жатқан сауда-логистикалық кешен сеп болмақ. Бұл туралы Бішкекте өткен екі елдің Үкіметаралық кеңесінің отырысында айтылды. Кешенді салу үшін Жамбыл облысының аумағында жер учаскесі бөлініп, «Алатау» индустриялық аймағы құрылды. Ортақ жобаны іске асыру үшін тараптар шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін дамыту тетіктерін талқылады. Еліміз мұны автоматтандырылған бақылау және тексеру жүйесін енгізу арқылы жүзеге асырмақ. Сондай-ақ қара нарықты азайту, екіжақты уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Биыл 8 айда автокөлікпен жеткізілген алыс-беріс 4,1%-ға ұлғайып, 3 млн тоннаға жетті.
Олжас Бектенов, Премьер-министр:
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық серіктестік орнықты дамып келеді. Өткен жылы екіжақты сауда көлемі 26 пайызға өсіп, 1,6 млрд долларға жетті. Осы жылдың 9 айында тауар айналымы 1,2 млрд доллардан асты. Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттер басшылары 2030 жылға қарай өзара сауда көлемін 3 млрд долларға ұлғайту бойынша тапсырма берді.
Бұдан бөлек екі ел «Алматы – Ыстықкөл» автомобиль жолын салмақ. 280 шақырым болатын тас жол Азия даму банкінің гранттары есебінен іске асырылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту, туризмді дамыту туралы меморандумға қол қойылды. Ыстықкөл аумағында орналасқан курорттық нысандарға Қазақстанның құқықтық меншігін реттеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Арман Шаққалиев, Сауда және интеграция министрі:
Қол жеткізілген уағдаластықтар жақын арада сауда айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өткізу пункттерін жаңғырту және кеңейту, су-энергетикалық өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық ынтымақ, логистикалық және тарату орталықтарын салу мәселелері қаралды. Бұл іс-шаралардың барлығы практикалық сипатқа ие.
Нұржан Нұржігітов, Су ресурстары және ирригация министрі:
Екінші біздің тараптан көтерген мынау «Киров» су қоймасының толық деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Осы туралы айттық. Себебі көктемгі уақытта су көптеген жағдайда Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл аудандарының Тараз қаласында су басу мәселесі болмасын деп Қырғыз тарапынан оған кепілдік беріп отыр. Белгіленген кестеге сәйкес су жіберетіні.
Айя Мүтәлі