Мемлекет басшысы One Water саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы One Water саммитіне қатысты

04.12.2024

Әлемде су тапшылығын алдын алу үшін мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық серіктестік құру қажет. Бұл Арқылы 2 млрд-қа жуық адамды сумен қамтамасыз етуге болады.

Ал Қазақстан су ресурстарын басқаруды нығайтуға өз үлесін қосуға дайын. Сауд Арабиясында өтіп жатқан One Water саммитінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, су тапшылығы азық-түлік және энергетика қауіпсіздігіне, өнеркәсіп өсіміне қауіп төндіреді. Ауыл шаруашылығындағы су үнемдеуге және энергияның жаңартылатын көздерін дамытуға салған стратегиялық инвестициялар экономика тұрақтылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға қысымды төмендетеді. Сондықтан су көздерін өнеркәсіптік, химиялық, ауылшаруашылық және тұрмыстық ластанудан қорғау үшін технологиялық инновациялар мен реттеу тетіктерін қолдануды ұсынды. Сондай-ақ, Президент әлем елдерін су қауіпсіздігіне бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр, ал 4 миллиардтан астам халық су тапшылығына ұшырады. Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу