Ұлытауда Қ.Сәтбаев және Ә.Марғұланның туғанына 125 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытауда Қ.Сәтбаев және Ә.Марғұланның туғанына 125 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті

30.11.2024

Ұлытауда қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев пен Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұланның 125 жылдықтарына орай дөңгелек үстел өтті. Екі ғалымның да еңбек жолы осы Ұлытау-Жезқазған өңірлерінде басталған. Республикалық конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен өлкетанушылар жиналды.

Елімізде бұл екі тұлғаға арналған мемориалдық музейлер көп емес. Қазақстанда жалғыз ғана Әлкей Марғұлан мұражайы бар. Ол Астана қаласындағы №40 мектеп-лицейінде. Музей жетекшісі Сәуле Байдрахманова шараға арнайы келіп, баяндама жасады.

Сәуле Байдрахманова, Ә.Марғұлан мемориалдық музейінің жетекшісі:

Осы бүгін Жезқазған өңіріндегі Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтбаевқа арналған үлкен республикалық деңгейдегі дөңгелек үстел ұйымдастырылып отыр. Бұл жерде мен Әлкей Марғұланның музейі мектебі болғаннан кейін сол кісіге байланысты, яғни оқушылардың дамытушылық-қызығушылығын арттыруға байланысты мектепте қандай жұмыстар атқарып жатырмыз, сол жөнінде айтатын боламын баяндамамда.

Дөңгелек үстелге 30-ға жуық музей қызметкерлері мен өлкетанушы, тарихшылар жиналған. Сонымен қатар Әлкей Марғұланның қызы мен Қаныш Сәтбаевтың немересі Алматы қаласынан онлайн қосылым арқылы қатысты. Олар жиналғандарға өз алғысын білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

Әлібек Күзербаев, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры:

Бұл кісілер жаңа айтып кеткендей Ұлытау өңіріне өз үлестерін қосқан. Осы кісілердің атақты болуы, тарихта қалуы осы жерге байланысты. Неге десеңіз, Қаныш Сәтбаевтың өзі өмір баянында мені қарапайым инженер-геологтан академик қылған осы Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі зерттеулерім деп айтып кетеді.

Дөңгелек үстел соңында ғалымдарға арнап көрме ұйымдастырылған. Онда қайраткерлердің киген киімдері, қолданған заттары мен фотосуреттері қойылған. Қаныш Сәтбаевқа арналған мемориалдық музей Алматы қаласы, Ұлытау және Павлодар облысында бар. Баяндамашылар олардың мемлекет қамқорлығына зәру екендігін айтып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу