Жергілікті мәслихаттар елдік мүдде жолында өзінің тиімді іс-әрекетімен халық үшін маңызды органға айналды. Өзін-өзі басқару институтының құрылғанына 30 жыл толуына орай бүгін Шымкент қаласында салтанатты жиын өтті.
Мегаполис мәслихатында қазір 7-шақырылымдағы депутаттық корпус жұмыс істеуде. Халық санының көбеюіне байланысты олардың құрамы артып, депутаттар саны 32-ге жетті. Сессиялардың қарауына енгізілетін мәселелерді алдын ала қарау, шешімдерді іске асыруға жәрдемдесу және бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін 6 тұрақты комиссия құрылған. Депутаттық сауалдар шаһардағы маңызды мәселелерді жүйелі шешуге айырықша ықпал етіп келеді.
Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәслихаттың төрағасы:
Осы жылдың өзінде 250-ден астам депутаттық сауал жолданды. Енді соны цифрмен айтатын болсақ 172 миллиард теңгеден асатын қаржы депутаттық сауалдың арқасында бөлінді. Оның басым бөлігі әлеуметтік салаға.
Мәслихаттардың құзыреті мен ықпалының артуы депутаттардың халық мүддесі үшін белсенді әрі жауапкершілікпен іс атқаруына негіз болды. Бұған дейін қоғамдық негізде жұмыс істеген комиссия төрағалары енді әрбір мәселеге байланысты байыпты шешім қабылдауына мүмкіндік туды,-дейді депутаттар.
Әбілқасым Досболов, мәслихаттың бірнеше шақырылымындағы экс-депутаты:
Айырмашылығы осында, берген бюджетті егжей-тегжейлі зерделеп, нақтылап, көріп, барлығын қандай нәрсе салынады зерттеуге мүмкіндігі бар. Қаржы тиімді жұмсалды ма деген сияқты.
Салтанатты жиында Парламент Сенаты мен Мәжілісі төрағаларының құттықтауы оқылды. Сондай-ақ ел дамуы жолында қажырлы еңбек еткен бір топ азамат мерекелік медалмен марапатталды.
Ғани Қалмаханов