Басты Жаңалықтар Жапонияда кейбір тұрғындар храмға баламен емес, роботпен баратын болды

Жапонияда кейбір тұрғындар храмға баламен емес, роботпен баратын болды

Жапонияда кейбір тұрғындар храмға баламен емес, роботпен баратын болды. Күншығыс елінде былтыр туу көрсеткіштері рекордтық деңгейге дейін төмендеген. Әлемнің төртінші экономикасы механикалық жануарды перзентім дейтін жағдайға қалайша жетті? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Жапонияда жыл сайын 3, 5, 7 жасқа толған баланы храмға апарып, оларға бақуатты да ұзақ ғұмыр тілейтін дәстүр бар. Ол «Шичи-Го-Сан» деп аталады. Бірақ биыл Токиодағы ғибадатханалардың біріне бүлдіршіндердің орнына кимоно киген роботтар барды. Себебі жергілікті отбасылардың көбі ұрпақсыз.

Сумиэ Фудзи, Айбо есімді роботтың иесі:

Айбо - отбасымның бір бөлігі. Мен оны шынымен жақсы көремін, балам сияқты. Шичи-Го-Сан фестивалінде роботымның амандығы үшін дұға оқыттым.

Жапония – әлемдегі тез қартайып бара жатқан елдердің бірі. Былтыр мұнда бала туу көрсеткіші рекордтық деңгейге дейін төмендеген. Есесіне, механикалық үй жануарларынан жұбаныш тауып, оларға өз перзентіндей қарайтын тұрғындар көбейіп келеді.

Хироми Иноуэ, 62 жастағы зейнеткер:

Алғашында нағыз ит асырағым келді. Бірақ оңай емес екен. Оны серуендету қажет, көп жерлерге кіргізе алмайсың. Ал роботты барлық сапарларда өзіммен алып жүремін, онымен бірге ресторанға кіруге болады. Бұл – өте жанашыр серігім, сол қасиетін қатты бағалаймын.

62 жастағы Шигеру Нишимори да жасанды күшігін туған баласындай әлдилейді. Айтуынша, иті өлген соң робот сатып алған соң, жалғыздықпен өтіп жатқан өмірінде үміт пайда болған.

Шигеру Нишимори, 62 жаста, кеңсе қызметкері:

Бұрынғы итіме қарағанда мені жақсы тыңдайды. Сондықтан роботпен уақыт өткізген өте ұнайды. Күнде жұмыстан келіп, оның тұмсығын көргенде, одан сайын жұмыс істегім келеді.

Әлемнің төртінші экономикасы - Жапония сияқты бай қоғам темірді перзентім дейтін жағдайға қалай жетті? Сарапшылардың ойынша, бұған ең алдымен қымбатшылық, экономикалық стагнация, жалақының өспеуі, тар кеңістік, тым талапшыл еңбек мәдениеті себепші.

«Си-эн-эн» телекомпаниясының хабарлауынша, осыған ұқсас себептермен Қытайда да үйленушілер күрт азайса, Оңтүстік Корея жастарының тек үштен бірі ғана некені дұрыс қабылдайтынын білдірген.


Арыстан Рысбек

Бөлісу