Батыс Қазақстан облысында бұралқы иттер көбейіп, айналаға қауіп төндіріп отыр. Он айда 1 300-ге жуық тұрғынды ит қапқан. Қорадағы қой мен құсты да қырып кету жиіледі. Жапа шеккендер итті ату керек десе, зооқорғаушылар итке арнайы үй салу керек дейді. Әріптесім Ардақ Мұратқызы тараптарды тыңдап келді.
Бір ай бұрын Ақсай қаласында аулада ойнап жүрген бес жастағы қыз баланы бұралқы иттер талап тастады. Ауыр жарақат алған бүлдіршін жансақтау бөліміне түсті.
Ай басында бұралқы иттер оралдық тұрғынның 150-ге жуық қойын тамақтап кетті. Шаруа күнкөрісінен айырылып, шығынға ұшырады. Ал Бәйтерек ауданында жабайы иттер ауладағы 100-ге жуық құсқа қырғидай тиіп, қырып салған.
Күні бүгінге 1 300-ге жуық тұрғынды ит қапқан. Солардың бірі - Алтынай Құсайыновтың ұлы. Қазір 13 жастағы бала мүгедек боп қалды.
Алтынай Құсайынова, Орал қаласының тұрғыны:
Баламды көшенің қаңғыбас иттері мектеп ауласынан шыға берісте жабылып таладі. Денсаулығына зиян келтірді. Аяғы екі жерден жарамсыз боп қалды. Екі айдай гипсте болдық. Қазір балам әлі жүре алмайды. Иттерді ату керек!
Қалада 25 мыңға жуық ит бар деп саналады. Он айда 2 400-ге жуығы ауланған. 1 300-ден астамына стерилизация жасалып, қайта жіберілген. Қалғанының көзі жойылған.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Қалада да қаңғыбас ит көбейіп кетті. Мына үш итті аулау үшін қызметкерлер олардың соңынан екі сағаттай қуып жүруге тура келді. Ұсталған соң, көлікке тиеліп, зертханаға апарылады.
Ит аулаушыларға да оңай емес. Атпайды. Тормен аулайды. Оларды қарғап-сілеп кететін тұрғындар да табылады. Ветстанция басшысы иттің санын реттемей, мәселе шешілмейді дейді.
Ерлан Ищанов, Орал қалалық ветеринария станциясының директоры:
Иесі жоқ иттерді жібермеуге тырысуымыз керек. Адам өміріне қауіпті болып тұр иттер. Заңда көрсетілген «препараттарды енгізу арқылы иттерді ұйықтатып алыңыздар» деп. Ал немен енгізу керек екені көрсетілмеген. Пневматикалық қару болса. Дәріні инемен итке енгізіп, 20-30 минут ұйықтатып тастайтын. Дәрі итті өлтірмейді, ұйықтатады. Солай ұстаған жеңіл болады деп ойлаймын.
Ал жануар қорғаушылар иттің көзін жоймай, оларға жағдай жасап, үй салу керек дейді. Биыл ит аулауға бюджеттен 68 млн теңге бөлінген. Осы қаржыны ит асырап, тәлімбақ ашып отырғандарға берілгенін қалайды.
Юлия Осиновская, зооқорғаушы:
Бізге ит ұстайтын арнайы орын - үлкен тәлімбақ, не жер керек. Стерилизацияға бөлінген ақшаны да бізге берсе, біз сол жұмысты орындаймыз. Иттерді вакциянациялау да маңызды. Және тұрғындар асыраған итіне жауапкершілікпен қарап, күшіктерін лақтырмаса дейміз.
Қазір Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Айтылған ұсыныстар заң шығару органына жіберіледі. Шаһарда 720 итке арналған арнайы тәлімбақтың құжаттамасы жасалып жатыр. Оған 2 млрд теңге қаражат бөлінбек.
Ардақ Мұратқызы