Қазақтың төл түлігі – жылқы тұқымын жақсартуға ерекше назар аударылады. Елімізде Президент тапсырмасымен жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты ашылатын болды. Бұл мекеме асыл тұқымды жылқылардың сапасын одан әрі жақсартып, отандық тұқымды шет елдерге шығарумен айналысуы тиіс. Орталық Ақтөбе қаласында орналасады. Оған еліміздегі ең білікті деген ғалымдар шақырылмақ.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Жылқы институтының Ақтөбеден ашылуы тегін емес. Өйткені, «Мұғалжар» және «Көшім» тұқымдары осы өңірде пайда болған. Менің артымдағы сол «Мұғалжар» тұқымы. Бұның бір төлінің өзі миллион теңгеден бастап сатылады.
Мұғалжар тұқымының артықшылығы – құбылмалы ауа райына бейімделген. Өткен қыста кей өңірлерде жер қатып, жылқылар тебіндей алмай қалған еді. Салдарынан мал шығыны да көп болды. Ал, бұл шаруашылықта бір де бір түлік өлген жоқ. Үйір үйір жылқының иесі елдің түкпір-түкпіріне жыл сайын 300 жабағы сатып отыр.
Бақытбек Манап, шаруашылық құрылтайшысы:
Басты мақсатымыз – зерттеп, дамыту, қазақ даласын жылқыға толтыру. Әрбір жігіт, әрбір шаруашылық асылдандырса, ол өте орынды, керемет жағдай болар еді.
Жылқы өсірумен айналысатын шаруалар мал санын көбейтіп қана қоймай, оның сапасын жақсарту қолға алынса дейді. Енді бұл жұмыспен кәнігі мамандар айналысады. Қазір еліміздегі 4 миллионнан аса қылқұйрықтының бір пайызы ғана асыл тұқымды болса, алдағы бес жылда ол 6-7 пайызға жетуі тиіс. Жылқы шаруашылығы институты Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Ақтөбе филиалы базасында іске қосылады. Осында білікті мамандар шақырылып, ғылыми-зерттеу, селекциялық жұмыстармен айналысады.
Әлібек Базарғалиев, ғылыми зерттеу институтының директоры:
Жұмыс енді қызады. 2025 жылдан бастап зерттеулер болады. Қазақ даласында қандай жылқы бар, қандай тұқым қалды соны зерттейміз. Жылқы болғаннан кейін олар типтерге бөлінеді. Оның ішінде жеке бағыттарға бөлінеді. Маңғыстауға барып жұмыс істейміз.
Қазақстанның әр өңірінде өзіне тән жылқы тұқымы бар. Мамандар олардың ешқайсысын назардан тыс қалдырмаймыз деп отыр. Яғни, жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы мал басын асылдандыру жұмысы қарқын алмақ.
Жақсыбек Кемал