Қазақстанда уақыт белдеуі өзгермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда уақыт белдеуі өзгермейді

19.11.2024

Қазақстанда уақыт белдеуі өзгермейтін болды. Үкімет осылайша бүгін даулы мәселеге нүкте қойды. Сауда және интеграция министрі бұл шешімді қабылдар кезде барлық тәуекелдер ескерілгенін айтады. 

Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты пікірталас тоқтар емес. Тіршілікте қолайсыздық туғызып, денсаулыққа кері әсер етіп жатқанын алға тартқандар петицияға қол да, жинады. Бүгін осы мәселеге қатысты Үкімет нақты тоқтамын айтты. Уақыт белдеуін теңестіру кезінде 60 адамнан тұратын арнайы жұмыс тобы жан-жақты зерттеу жүргізген. Жергілікті тұрғындардың ғана емес, мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар мен сарапшылардың пікірі ескерілген.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Кеңес дәуірінде Қазақстандағы уақыт белдеуі экономикалық мүдде үшін 8 рет өзгерді. Соның салдарынан тұрғындар табиғи циклге сәйкес келмейтін уақыт белдеулерінде өмір сүріп келді. Ал 5-ші уақыт белдеуіне көшу еліміз үшін жаңа уақыт белдеуі немесе жай эксперимент емес. Керісінше, тарихи әрі негізгі уақытына қайта оралу.

Үкімет мұны ел аумағының 76 пайызы 5-ші уақыт белдеуінде орналасқанымен түсіндірді. Яғни, 15 млн 240 мың адам дәл осы аумақта тұрады. Арнайы жұмыс тобы петицияға қол жинағандардың да пікірін қайта қарады. Алайда, азаматтардың денсаулығы мен ел экономикасына кері әсер ететін тұсын таппаған.

Ильдар Фахрадиев, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры:

Жаңа уақыт белдеуіне көшкен кезде ұйқының бұзылуы, шаршау мен концентрацияның төмендеуі сынды уақытша қиындық туындататыны жасырын емес. Десе де, уақыт белдеуінің өзгеруі адам ағзасына теріс әсер ететіндігі жайлы нақты дәйекті ғылыми дерек жоқ. Азаматтар тек осы уақытқа бейімделу қажет. Ол үшін ұйқы режимін біртіндеп өзгерту, физикалық белсенділікті арттырғаны жөн.

Осылайша, жұмыс тобына кірген астрономдар мен астрофизиктер уақыт белдеуінің ауысуы орынды екенін айтады. Әрі астрономиялық тұрғыдан 5-ші уақыт белдеуі ең қолайлы уақытқа жататынын алға тартты.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу