Алаяқтар елді алдаудың тағы бір тәсілін ойлап тапқан. Ұлттық банк азаматтарды сақ болуға шақырды. Банк қызметкері ретінде таныстыратындар қандай схема ойлап тапты? Алаяқтарды қалай тануға болады? Аида Ахметбек түсіндіреді.
Аида Ахметбек, тілші:
Қазір алаяқтар «банк қызметкерімін», деп хабарласса, көп адам оған сенбейді. Осыны білген әккілер тағы бір схема ойлап тапқан. Ұлттық банк ескерткендей, қоңырау шалған алаяқ енді өзін коммуналдық қызметтің немесе ұялы байланыс операторының маманы ретінде таныстырады. Содан кейін телефондағы SIM-картаның қолдану мерзімі немесе коммуналдық есептеуіш құралдың пайдалану уақыты аяқталғанын хабарлайды. Мұндай жағдайда қызметтерді ұзартуға немесе электрондық кезекке тұруға болатынын ұсынады.Келіскен жағдайда, алаяқ ұялы телефоныңызға келген хабарламаны өзіне жіберуді, қауіпті сілтемеге өтіп қосымшаны жүктеуді сұрайды. Кейін телефоныңызбен байланыс орнатқан соң, шоттағы ақшаңызды ұрлап, SIM-картаның виртуалды көшірмесін қосып алады.
Алаяқтар араға біраз уақыт салып, қайта байланысуы мүмкін. Бұл жолы олар өздерін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырады. Сенімге кіру үшін Ұлттық банк қызметкерінің қолдан жасалған қызметтік куәлігін, жалған құжаттарын ұсынады. Сөйтіп екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларын орнатып, сіздің атыңыздан ақшалай немесе тауарлай кредиттер рәсімдейді.
Алданып қалмау үшін бейтаныс адамдардың нұсқауымен HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer сияқты қосымшаларды орнатпау керек. Ұлттық Банк қызметкерлері ешкімге қоңырау шалмайтынын және азаматтармен ақшалай есеп айырыспайтынын ескертеді.
Аида Ахметбек