Авторлық қаламақы жаңа ережелерге сай төленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Авторлық қаламақы жаңа ережелерге сай төленеді

14.09.2024

Елімізде авторлардың қаламақысы жаңа ережелерге сай төленбек. Бұл туралы Әділет министрлігінің өкілдері айтты. Тиісті заң қазір Мәжіліс қарауында жатыр. Құжатта мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына қаламақы төлеудің жаңа әдістемесін енгізу және авторлық қоғамдардың қызметін реттеу көзделген. Заң жыл соңына дейін қабылданбақ.

Серік Жұмабек, тілші:

Бұдан былай авторлардың құқығын авторлық қоғамдар емес мемлекеттік кәсіпорын қорғауы мүмкін. Бірақ қоғамдық ұйым мүшелері бұған қарсы. Айтуларынша 1991- 1998 жылдар аралығында ондай тәжірибе болған.
Байғали Есенәлиев, «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ төрағасы:

2009 жылдан бастап бұл жүйе бұзылды. Оның себебі 2009 жылы әділет министрлігінің бастауымен заңға өзгеріс енді. 46/1 бап қосылды. Ол жерде автор мүшелікте тұрса да, тұрмасада кез келген авторлық қоғам ол үшін гонорар жинай беруге құқылы деген солақай статья кіріп кетті.

Серік Жұмабек, тілші:

Заң бойынша қоғамдық ұйымдар әкімшілік шығындары үшін қаламақының 30 пайызын ұстап, қалған 70 пайызын авторға төлеуі керек. Бірақ соңғы жылдары танымал туындысына теңге түгілі тиын алмаған ақындар бар.

Нұржан Өмірбаев, ақын:

Шынтуайтына келгенде «Мен қазақпын» әні арқылы мен қаламақы есебінде бір тиында алып көрген ақын емеспін.

Серік Жұмабек, тілші:

Заңда қоғамдық ұйымдар жиналған қаржыны 3 жыл ішінде авторларға бермесе, өздеріне алып қалуға құқылы деп көрсетілген. Мамандар бұл талап өзгермейінше, қаламақының кешігуі немесе мүлде берілмеуі тоқтамайды дейді.

Ботагөз Сәтжанова, ҚР Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқығы департаментінің бас сарапшысы:

Ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарға кафе, рестаран иелері ай сайын есеп беріп отырады. Қанша әншінің, қанша музыкасы, қанша рет ойнатылды. Ұжымдық ұйымдар тоқсан сайын авторларға, сазгерлерге, құқық иелеріне өздеріне тиесілі сыйақыларын таратуға міндетті.

 Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бұл салада мүлдем цифравизация жоқ. Бәрі қағазбен айналады. Ресторан цифрлық платформа арқылы әнді ойнатып, электронды түрде мағұлматты жіберу керек, автордың өзінің жеке кабинеті болуы керек, автор соны көріп отыру керек. Қай жерден қанша ақша түсті, сол ақшаны бухгалтерия арқылы авторлық қоғам бөліп беру керек.

Серік Жұмабек, тілші:

Қазір Өзбекстанда осы мәселе бойынша заңға өзгеріс енгізу бастамасы көтеріліп жатыр. Бұдан бөлек заңда авторлық қоғамға мүшелікке тұру үшін жарна төлеу, анықтаманы ақылы негізде беру және авторлық қоғамдар әкімшілік шығындарына 30 емес, 10 пайыз ғана ұстауы керек деген ұсыныс бар.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу