Ақмола облысында диқандар егінге орақ сала алмай отыр. Себебі толассыз жауған жаңбыр күзгі жиын-терімді бастауға тұсау болып тұр. «Ең қиыны екі апта ыстық болмаса, шамадан тыс ылғал астықтың сапасын төмендетеді»,- дейді шаруалар.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:Облыста күзгі жиын-терім бірер күнде басталады. Қазір диқандар техникаларын сайлап, сақадай сай отыр. Дегенмен толасыз жауған жаңбырдан астықтың құрамында ылғал көп. Егін әлі күнге дейін піспеген.
Өсіп тұрған бидайдың дәндері жасыл. Сабағы тік. Топырақ әлі езіліп жатыр. Көктемнен бері бел жазбай еңбек еткен диқан дақылды дер кезінде жинай алмайтын болдық деп пұшайман күйде.
Мағжан Жамбыл, шаруа:Ылғалдың көп болғаны өскен уақытында жақсы. Бірақ қазір жаз бойы ылғал болғандықтан күзгі уақытта ылғал аз болғаны дұрыс. Жиын уақытында кішкене қиындық туғызады.
Су тиген өнім шіріп кетпеуі үшін оны тез арада жинап алған жөн. Сондықтан Үкімет күзгі дала жұмыстарын кешеулдетпеу үшін елдегі шаруаларға арзан бағада 64 мың дизель отынын жөнелтті. Егін науқаны аяқталғанша тағы 355 мың тонна жеткізіледі. Оның үстіне биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстары үшін бұрын соңды бөлінбеген мол қаржы берілді. Бас-аяғы 580 миллиард теңге бөлінді. Алайда қазір шаруалар ақшаға емес, ауа райына байлаулы болып тұр.
Еркеш Әленов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:Кем дегенде он күндік, екі жұмалық ыстық керек. Қазіргі жауын егіннің сапасына әсер етеді. Енді жауын тоқтамай жауа беретін болса, ол піспейді. Піспеген соң оның сапасы үшінші класс емес, төртінші, бесіншіге түсіп қалуы ғажап емес.
Биыл өңір диқандары 5 миллион 400 мың гектар алқапқа дән салды. Күзгі дала жұмыстарына 16 мыңнан астам техника жұмылдырылмақ. Еңбегім еш кетпесе екен деген диқандар күн ашылса, егінді бір айда жинап аламыз деп тас түйін дайын отыр.
Ұмсындық Наурызбаева, Данияр Жұмағұлов