Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада 50 елдің ішінен топ жарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада 50 елдің ішінен топ жарды

31.07.2024

Еліміздің дарынды мектеп оқушылары халықаралық білім бәйгесінде алдыңғы орында келе жатыр. Биыл да жарысқа 19 бала қатысып, 2 алтын, 8 күміс, 8 қола медальді иеленіп қайтты. Додада топ жарған оқушыларға берілген тапсырмалар қандай, жеңімпаздарды қандай марапаттар күтіп тұрды? Әйгерім Ердәулет сабақтайды.

Бұл – Иранның Исфахан қаласында өткен халықаралық олимпиаданың марапаттау рәсімі. Физика пәні бойынша биыл да Қазақстан ұлттық құрама командасы 50 елдің ішінен топ жарды. Додаға қатысқан 5 баланың 4-еуі күміс, 1-еуі қола медальді қанжығасына байлап қайтты.

Соның бірі – Алматыдағы жекеменшік мектептің түлегі Досжан Бисемби. Ғылым жолын қууды көздеген ол, жарыстан кейін Гонконгтағы университетке шақырту алған. Ал Олимпиаданың өзі оңайға соқпапты.

Досжан Бисемби, Халықаралық олимпиаданың жүлдегері:

Иранда Олимпиада 2 турдан болды, бірінші тур- теоретикалық, ол жерде отырып есеп шығарамыз, 3 есеп береді, кәдімгі қиын есеп ұзақ. Екінші тур-эксперементалды болды. Біздің Қазақстан құрамасы үшін эксперементалды тур ең қиын болды. Өйткені Қазақстанда біз оған қатты көп дайындалмаймыз. 

Яғни оқушылар құр есепті қағазға шығарып қоймай, техникалық құрылғыларды пайдалана отырып, тапсырманы орындауы шарт. Ал әр есептің тапсырмасының өзі кем дегенде 10 беттен тұрады. Сондықтан да, жарыста үш есепті шығару үшін бас-аяғы 5 сағат уақыт берілген.

Осы кезеңдерден мүдірмей өткендердің тағы бірі - Марғұлан Нұрсағатов. Мектеп түлегі 200 қатысушының ішінен топ жарып, күміс медальді иеленіп қайтты. Талапты баланың білім деңгейіне тамсанған ресейлік оқу орны оған да грант ұсыныпты.

Марғұлан Нұрсағатов, Халықаралық олимпиаданың жүлдегері:

Былтыр алғаш рет осындай халықаралық жарысқа қатыстым. Екінші рет күміс алып тұрмын. Қазақстандық оқушылардың алтын алуына кішкене ғана талпыныс жетпей жатыр. Қытай, Ресей, Румыниядағыдай Олимпиадаға жүйелі түрде дайындалу қажет деп ойлаймын.

Әйтсе де, оқушылар жарысқа 4-5 жыл үздіксіз дайындалады. Биыл еліміздің әр өңірінің үздік деген білімпаздары: математика, физика, химия, биологиядан 18 медаль алып, 100 пайыздық көрсеткішке жеткен. Жарыс жеңімпаздарына Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ, жоғары оқу орнына конкурстан тыс грантқа түсуге мүмкіндік берілген.

Самат Мақсұтов, Қазақстан құрамасының халықаралық физика олимпиадаларының жетекшісі:

Біздің оқушылар дайындалу, жоспар құру, отырып 5-6 сағат есеп шығаруды үйренген, әрине үйренбесе жете алмайтын еді бұл дәрежеге. Мен соған мән беремін, ол бір қабілет, кейін бұл кісілер физика емес басқа бағыт таңдаса да, көбінесе таңдап жатады, сол кезде сол бағытта да экономика болсын, IT саласы болсын ауысқан кезде жетістікке тез жетеді. 

Гранттан бөлек, жеңімпаздарға мемлекет тарапынан ақшалай да сыйақы беріледі.

Айта кетейік, алғашқы жеңімпаздардың бірі «Сергек» жүйесін ойлап тапса, өзгелері Google сияқты әлемнің түрлі ірі корпорацияларында еңбек етеді.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу