Елімізде интернет алаяқтық былтырғымен салыстырғанда 4,1 пайызға өскен. Бас прокуратураның мәліметінше жыл басынан бері 10 мыңға жуық дерек тіркелген. Көбі- онлайн саудаға қатысты алдану және фишинг, яғни банк карталары мен өзге де деректердің әккілердің қолына түсуі фактілері.
Елордалық Бекарыс Айтқұловқа былтыр белгісіз нөмірден сілтеме түрінде хат келген. Сілтемеге өткеннен кейін WhatsApp желісі істен шыққан. Осылайша алаяқтар жәбірленушінің атынан таныс-достарына хат жазып, ақша сұраған.
Бекарыс Айтқұлов, жәбірленуші:
Сөйтсем олар ағама жазыпты 500 мың теңге бере тұршы, кредит керек деп орысшалап, содан дос балаларыма да жазған ақша керек деп. Жалпы сомасы млн-дай сұраған. Ертеңгі күнінде ағам жазады 500 мыңды алдын ба, жаптың ба деп, мен түсінбеймін, WhatsApp-қа кіремін менде ештеңе жоқ. Ағам скриндер жібереді. Менің фотом, нөмірім тұр.
Ал ақтөбелік тұрғынға алаяқтар үш түрлі мекеме қызметкері ретінде хабарласқан. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция департаменті және банк қызметкерлерімін таныстырған әккілер оның атына 10 банктен несие алғанын айтып дереу жабу үшін бірнеше млн теңге талап етіпті.
Бақдәулет Балмұрзин, Ақтөбе облысы ПД криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
Әйел қоңырау шалушылардың барлық шартын орындап, қаладағы 3 банктен өз атына 14 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген. Жақын туыстарынан 5,5 млн теңге қарыз алған. Ары қарай 19 млн-нан астам теңгені алаяқтар көрсеткен банктік шоттарға аударған. 2 күннен кейін алданғанын түсінген әйел полицияға арызданған.
Құзырлы мекеме қызметкерлері тұрғындарға жеке хабарласпайды. Сондықтан бейтаныс нөмірлерге жауап бермеген жөн дейді,-құзырлы орган өкілдері. Қазір алаяқтықтың түр-түрі көбейген. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларында өршіп тұр. Осы ретте арнайы жоба әзірленді.
Нұржан Аблақымов, Астана қалалық прокуратурасының прокуроры:
1-24 интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында арнайы WhatsApp бот әзірлеген болатын. Бұл WhatsApp ботқа арнайы номер арқылы жаза отырып, өзіңіз күмәнданған нөмірді алаяқ па жоқ екендігін анықтай аласыз.
Аида Ахметбек, тілші:
WhatsApp мессенджеріңізге сіз ұтысқа ие болдыңыз немесе үлкен жеңілдікпен түрлі тауар ала аласыз деген сілтеме келсе оған кірмеңіз. Бұдан бөлек егер жақындарыңыз WhatsApp арқылы ақша сұрап жатса, сол адамға хабарласып, анық-қанығына көз жеткізіп алғаныңыз жөн. Мәселен мен қазір жұмыста тұрмын. Дәл осы уақытта менің атымнан туыстарыман қиын жағдайда қалғанымды айтып ақша сұрап жатуы мүмкін. Бірақ бұл алаяқтардың құрған тұзағы екенін біліңіз.
Аида Ахметбек