Интернеттегі алаяқтық: «Қазақстан» корпорациясының атын жамылған кімдер? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интернеттегі алаяқтық: «Қазақстан» корпорациясының атын жамылған кімдер?

13.11.2019

Соңғы кездері интернет ұрылар күрт көбейді. Олар «түрлі ақшалай сыйлықтар, жұрт естімеген жеңілдіктер болып жатыр», - деген желеумен аңғал азаматтарды алдап, есепшоттағы ақшаларын жымқырып кетіп жатыр. 

Елімізде орта есеппен ай сайын интернет алаяқтық бойынша 600-ден астам іс қозғалады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда, 70 пайызға көп. Құзырлы мекемеге көбіне елордалықтар мен қарағандылықтар шағымданған. Алаяқтар әлеуметтік желілер мен сату және сатып алуға арналған платформаларды жиі пайдаланатын көрінеді. Полицейлер «желідегі ұрыларды қолға түсіру өте қиын»,- дейді. 

Алаяқтықтың кең тараған түрінің бірі - танымал компаниялардың атын жамылып, жалған ақпарат тарату. Белгілі брендке сенген азаматтар банк картасынан қалай ақша аударып жібергенін байқамай қалады. Жақында ғана дәл осындай жағдайға «Қазақстан» корпорациясы да кезікті. Ұлттық арнаның мамандары зерттей келе, фейк аккаунттың шетелдік домен арқылы ашылғанын анықтады. Қазір компания жалған парақшаны жою бойынша жұмыс атқарып жатыр.

Сәуле Ізбасханова, «Қазақстан» РТРК» АҚ» Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің Бас заң кеңесшісі:

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ресми түрде өз көрермендерімен ақылы сауалнама, ақылы ұтыс ойындарын жүргізбейді және бөтен интернет сайттары арқылы көрермендердің деректерін жинамайтынын хабарлайды. Біздің атымыздан ашылған жалған парақша бойынша Корпорация «Facebook» әкімшілігіне жүгініп, фейк парақшаны жауып тастауды талап етті. «Қазақстан» РТРК» АҚ еліміздің құқық қорғау органдарына осы мәселе бойынша арыз жолдады. Корпорация ресми парақшалары мен сайттарынан өзге интернет көздерінде жарияланған жалған ақпарат үшін жауапты емес. 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ



Хабарламаларға жазылу