Сарыағаш ауданында аптап ыстықта ауыз су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаш ауданында аптап ыстықта ауыз су жоқ

11.07.2024

Аптап ыстықта ауыз су жоқ. Түркістан облысы Сарыағаш ауданында екі мыңғы жуық тұрғыны бар Береке ауылы тамшы суға зәру. Себебі 8 жыл бұрын басталған су құбырының құрылысы әлі күнге дейін бітер емес. Берекесі қашқан ауыл тұрғындарының ахуалын Айнұр Әбілқасымқызы көріп келді.

Гүлмира Қошқарова ауласынан құдық қаздырып алған. Жаздыгүні су жиі ластанып кетеді, бірақ пайдалануға мәжбүрміз дейді көпбалалы ана.

Гүлмира Қошқарова, Береке ауылының тұрғыны:

Кейде су құрттап кетеді. Құдықты жуу керек. Оны ішкеннен кейін балалардың іші ауырады. Қазір көп вирус тарап жатыр. Осы құдықтан бәрі.

Ауылдағы өзге тұрғындар ауыз суды көрші елдімекендерден тасып ішеді. Тоннасын 1000 теңгеден сатып алады. Сегіз жыл бұрын бюджеттен 288 млн теңге бөлініп, ауылға құбыр тартылды. Екі ұңғыма қазылып, су жинайтын мұнара тұрғызылды. Әр үйдің іргесіне дейін су жүретін пластикалық түтікшеге дейін орнатылды. Бірақ қазір мұның бәрі қаңсыған күйі босқа жатыр.

Мердігерлермен дауласқанмен нәтиже жоқ. Жергілікті биліктен де қайран болмады деп налиды жұрт.

Нұрбол Еркеқұлов, Береке ауылының тұрғыны:

Мысалы үшін жұмыс бір жылда немесе екі жылда бітуі мүмкін. 8 жылдан бері бітпеу мүмкін емес. 1-ші шілдеге дейін су кіргіземіз деген.

Тахир Рахметов, Береке ауылының тұрғыны:

Осы су мен газды айтып жүргенімізде Сарыағаштың әкімі төртеуі ауысты. Мына ауыл әкімі де төртеуі ауысты.

Ал мердігер компанияның басшысы мәселе қаржыға тіреліп тұрғанын айтады.

Лесбек Үсіпбаев, мердігер мекеменің директоры:

2016 жылы бастадық, 2017 жылы істедік, 2018-де істедік. Қаржы мәселесі бөлінбей қалған. Мына сессияда қоямыз, ана сессияда қоямыз деп осы 2024 жылы бөлінді. Бөлінгеннен бері біз жұмыс жасап жатырмыз.

Аудан басшыларының сөзінше жұмыстың мерзімінде бітпеуіне мердігердің салғыртығы себеп. Айыппұл салынып, сотқа да берген. Былтыр қаражат табылғанымен, құбырдан ақау шығып, жұмыс тағы тоқтаған.

Әкім қаралар ауылға келесі апта су береміз деп сендірді. Бірақ 8 жыл бойы сергелдеңге түскен халықтың бұған сенгісі жоқ. Қазір Сарыағаш ауданында 63 елдімекеннің 45-іне тіршілік нәрі сағатпен беріледі. Қалғандары суды арықтан ішіп отыр.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу