Түркістан облысында 680 гектар егістік алқап қурап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 680 гектар егістік алқап қурап барады

22.07.2022

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 680 гектар алқапқа егілген бау-бақша мен көкөніс жеміс бермей жатып, қурауға айналды. Алқапқа су жеткізетін жер асты гидранты жарылып, екі аптадан бері егістікке су бармаған. Ал аймақта күн райы кешелі бері аптап ыстық. Сынап бағанасы 46-48 градусқа жетті.

Құбырлар қаңсып тұр. Екі жетіден бері тамырына нәр бармаған ағаштар басындағы жемісімен қоса қурай бастады. Танабай Шынтасовтың 100 гектар алқапқа егілген өнімі қазір осындай күйде. Екі рет суғарылмай қалды.

Танабай Шынтасов, шаруа қожалығының төрағасы:

Бұл тек биыл емес, келесі жылы да өнім болмайды деген сөз. Себебі, ендігі жылға өнім беретін көздердің пісіп, жетіліп дайындалатын кезі. Соған кері әсерін тигізіп отыр. Дихан үшін бұдан асқан уайым, бұдан асқан қиыншылық жоқ.

Жер асты гидартымен келетін ағын суға телмірген 100-ге жуық шаруа шарасыз күйде. Жүгері енді собық байлағанда семіп қалды. Жоңышқа, бақша мен көкөніс дақылдарының бірер жапырағы зорға көгеріп тұр. Енді бірер күнде есіл еңбек еш, су келгенмен ендігісі кеш болмақ.

Қазыбек Бегімқұлов, шаруа:

Дүмбіл шығарып жатқан кезде су болмай қалды. Өспей қурауды бастады. Бұл енді дүмбіл түймейді. Осымен қалды қурап. 100 гектар шөп болды, жүгері емес.

Траншекаралық өзен суы келетін жер асты құбырының ұзындығы 21 шақырымнан асады. Суармалы алқаптардағы гидранттардың әбден тозығы жеткен. Оның үстіне біраз бөлігі жекеменшікке сатылып кеткендіктен ағын суды саудаға салып, қожайындық ететін мекеме көп.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Диаметрі 1 метр болатын мына құбырлар арқылы секундына 10-12 текше метр су өтеді. Бұл жүйелер осыдан 40 жыл бұрын салынған. Әбден тозған құбырлар қысымға шыдас бермей, бір емес, екі жерінен жарылған.

Біреудің жоғын, екінші адам өлең айтып жүріп іздейді». Бір топ адамның 10 құлаш құбырды ауыстырып жатқанына он күннен асты.

Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Мыңдық темір труба қойып жатырмыз. Оншақты адам жұмыс істеп жатыр аптап ыстыққа қарамай. Енді бүгін ұзағымен ертең түске дейін бітеміз деген жоспар бар.

Егістігінің көз алдында көктей солып бара жатқанына шыдамаған шаруаның кейбірі цистернамен су тасып, суаруда. Бірақ онысы теңізге тамған тамшыдай ғана болып тұр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу