«Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек». Саммит аясында өткен «Шанхай ынтымақтастық ұйымы плюс» форматында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мәлімдеме жасады. Әрі интеграциялық бірлестіктің халықаралық аренадағы айрықша рөліне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, «Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады». 16 мемлекет пен халықаралық ұйымдар басшылары алдында Президент тағы қандай мәлімдемелер жасады? Данияр Қайыртай тыңдады.
Бүгін ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын қабылдадық.
Данияр Қайыртай, тілші:
«ШЫҰ+» форматы – «Шанхай ондығына» қоса, бақылаушы және серіктес елдер саналатын Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстан мемлекеттері басшыларының кездесуі. Оған халықаралық ұйымдардың жетекшілері, оның ішінде БҰҰ Бас хатшысы да қатысты. Ауқымды саммитте «Әділ әлем, келісім және даму үшін жаһандық бірлік туралы» келісімі бойынша талқы болды.
Қ.Тоқаев: ШЫҰ-ның экономикалық әлеуеті орасан зор
Алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саммитке келген мәртебелі меймандарды Тәуелсіздік сарайында күтіп алды.
Міне, 16 мемлекеттің басшысы мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериштің бір үстел басына жиналған сәті. Бұл – Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренада арта түскен рөлін айғақтаса керек. Президент те сөйлеген сөзінде «өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отырғанына» тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға да басымдық беруді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп, оның даму перспективаларының аясын тарылтып жатыр. Мұндай жағдайда бізге оң динамиканы сақтауға және әлеуетімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет.
Алайда қазірдің өзінде ұйымға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейін өсім көрсетіп отыр. Негізі «Шанхай ондығына» әлемдік ЖІӨ-нің 30 пайыз тиесілі. Ал Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық әлеуеті орасан зор. Біз оны толыққанды пайдалануымыз қажет. Бүгін ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын қабылдадық.
Президент: Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады
«Әлемдік сауданың тұрақты өсіміне көлік жолдарының өзара байланысын одан әрі нығайту да зор ықпал етеді» деді Президент. Ұйымға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтеді. Сонда әлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі. Демек ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған Үлкен Еуразиялық белдеуге айнала алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Сондай-ақ еліміз «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін өзара ұштастыру, стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру ісінде бастамалар көтеріп келеді.
Бұл жыл, Қазақстанның бастамашылығымен, ШЫҰ аясында Экология жылы деп жарияланған еді. Бұл тақырыпты қазіргі жаһандық жылыну контексінде де айналып өту мүмкін емес. Президент климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түскеніне айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын.
Шанхай ондығы аясында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та кенжелеп қалмауы керек. Мемлекет басшысы мұндай ықпалдастық «халықтар арасын жақындатуға дәнекер болып, өзінің тарихи рөлін одан әрі атқара беруге тиіс және солай боларына сенім» білдірді.
Данияр Қайыртай, тілші:
Міне, 16 мемлекет пен халықаралық ұйымдардың қатысуымен ШЫҰ+ саммиті өтіп жатыр. Дәл қазір президент Әзербайжан басшысы Илхам Әлиевке сөз кезегін ұсынды. Ауқымды жиында сөз алғандар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ой бөлісіп жатыр.
Саммитте сөз алған әр спикер Қазақстанның осы интеграциялық ұйымды жаңғырту мен оның күн тәртібін қалыптастыруға қатысты айрықша рөлін атап өтті. Ал мемлекет басшысы Қ.Тоқаев серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Данияр Қайыртай
Оңғар Алпысбайұлы