Қазір елде үйін не көлігін сата алмай жүрген адам көп. Тіпті құрылыс компанияларының өзі небір жеңілдіктер жасап жатса да, нарық тоқырап тұр. Содан болар ипотека рәсімдейтіндер күрт азайған.
Бірінші кредиттік бюроның хабарлауынша, жыл басынан бері 8,5 мыңнан астам қазақстандық үйді ипотекаға алған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 16 пайызға аз. Ал қазір елде жалпы 558 мың адамның ипотекалық несиесі бар. Олардың банк алдындағы берешегі 6 триллион теңге.
Сарапшылар сауданың азаюына тиімді ипотекалық бағдарламалардың жоқтығы себеп, - дейді. «7-20-25» және «9-20-25» секілді бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемі аз. Ал өзге жолмен, екінші деңгейлі банк арқылы үй алайын десе, жылдық мөлшерлеме 18-20 пайыз. Сондықтан жұрт тиімді шартты күтіп жүр, - дейді сарапшылар.
Ипотекалық қана емес, автонесие көлемі де азайған. Мәселен жыл басынан бері 14 мың 500 автонесие рәсімделді. Бұл өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 10 процентке кем. Мұнда да ипотекадағыдай жағдай. Көлік қымбат. Баға көтеріліп барады. Ал жеңілдетілген автонесие жоқ. Ақшасы барлары машинаны Грузия, Моңғолия сияқты алыс-жақын елдерден әкеліп жатыр. Оның үстіне көбі утильалым бойынша нақты шешімді күтіп отыр. Өйткені утильалым алынып немесе бағасы азайса, көлік те арзандауы тиіс.
Ал сауда тоқтап, теңге әлсіреп жатқанда алтын қымбаттап барады. Қазір оның бір граммы 35 мың 300 теңге. Бұл рекордтық көрсеткіш. Сарапшылардың айтуынша, бұған геосаяси ахуал мен экономикалық, қаржылық тұрақсыздық себеп. Өйткені активінің құнын жоғалтқысы келмеген инвесторлар алтын саудасының көркін қыздырған.