Елімізде несие беру тәртібі өзгеріп, шарттары қатаңдайды. Мәселен енді банк алдындағы берешегін 90 күннен кешіктіргендер қайта қарыз ала алмайды. Тиісті заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Тағы қандай өзгерістер бар?
Досжан Маратұлы, тілші:
Қазір ел азаматтары банктерге белшеден қарыз. Несие көлемі жылдан жылға артып, 17 трилллион 800 миллиард теңгеге жетті. Бір триллионға жуық несие бойынша төлем 90 күннен кешіктірілген.
Қарызға батқан халықты құтқарып, борыштық жүктеменің артуына жол бермеу үшін несие беру туралы арнайы заң қабылданды. Сонымен не өзгереді?
Берешегін 90 күннен кешіктіріп жүргендерге кепілсіз несие беруге тыйым салынады. Әрі несиесі бар жігіттер отан алдындағы борышын өтеп жүргенде және демобилизациядан кейін 2 ай бойы қарызына өсімпұл есептелмейді.
Қазір азаматтар несиесін төлемей жүрсе, банктер бас қатырмайды. Коллекторлық агенттіктерге бере салады. Олар кейін клиенттен қарызды артығымен өндіріп алып жатады. Енді мұндайға жол жоқ.
Азаматтардың қарызын 2026 жылдың мамырына дейін коллекторларға беруге тыйым салынды. Ал одан кейін қалай болады? Коллекторларға несиені беру тәртібі қатаяды. Яғни клиент несиесін 24 ай бойы төлемеген болып, оның берешегіне оңтайландыру жүргізілген болуы тиіс. Егер ол да көмектеспесе, коллекторларға беруге рұқсат.
Бұдан бөлек, қазір онлайн несие рәсімдейтін алаяқтар қаптап кетті. Енді жаңа заңға сай, микро несие алу үшін міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту қажет. Әрі әйелінің не күйеуінің рұқсаты болуы тиіс. Бұл норманың техникалық жағынан қалай іске асатыны қазір қаралып жатыр дейді мамандар.
Сондай-ақ бұдан былай несиені алаяқтардың рәсімдегені дәлелденсе, ол кешіріледі. Заңға Президент қол қойды. Енді ол 60 күннен кейін күшіне енеді.
Досжан Маратұлы