Шегірткемен күрес жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шегірткемен күрес жалғасып жатыр

10.06.2024

Еліміздің үш аймағында жәндік көбейген. Сондықтан зиянкеспен күрес күшейтіліп жатыр. Түркістан облысында шегіртке тараған 50 мың гектардан астам жер учаскесі анықталды. Арыс қаласында, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарында қосымша өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл туралы шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталық жедел штабтың отырысында айтылды.

Вице-премьер Серік Жұманғарин биыл ахуал күрделі екенін жеткізді. Жәндікпен күресу үшін барлық жағдай жасалады, - деді. Жиында Түркістан облысы әкімдігінің өкілі көкөніс-бақша дақылдары егілген егістік алқаптарына зиян келмегенін айтты. Ал, Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында шегіртке дернәсілдері көбейе бастаған. Облыс бойынша өңдеуге арналған 76 техника бар. Бірақ, ол жеткіліксіз болғандықтан әкімдік тағы 14 техника сұратып отыр.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу