Алматыдағы барлық көше саудасы заңсыз жұмыс істеп тұр. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов осылай деп отыр. Сауда орындарын жалға беру мәселесі еліміздің үштен бірінде ғана реттеліп, ресми бекітілген. Әсіресе, дүңгіршектерді орналастыруды жергілікті атқарушы органдар бір жүйеге келтіріп, шеше алмай келеді, дейді мамандар.
Біз бас сұққан бірнеше дүңгіршектегі сатушылар кіммен шарт жасасқанын, орын үшін кімге ақы төлеп отырғандарын айта алмады. Себебі, барлығы дерлік заңсыз жұмыс істеп жатыр, дейді мамандар. Қаладағы мыңдаған стационарлық емес сауда нүктесінің жұмысын реттеп, бір жүйеге келтіру қажет. Сонда түсетін қаржы жекенің қалтасына емес, бюджетке түсер еді, дейді экономист.
Мақсат Серәлі, экономист:
Шағын бизнес иегері болғаннан кейін салық төлей бастайды. Одан кейін екінші мәселе жергілікті бюджетке, яғни, әкімшілік жалға алу мәселесін қарастырса, бұл бюджетке де ақша түседі. Яғни, жалға төлейді. Мысалы, бір дүңгіршек айына 50 мың, 150 мың, 200 мың теңге төлеп тұратын болса, мұның өзі жергілікті бюджет үшін өте қомақты қаражат.
Негізінен елімізде Сауда министрлігімен бекітілген стационарлық емес нысандарға байланысты ереже бар. Құжатта олардың қалай жұмыс істейтіні, инженерлік жүйеге қосылу тәртібі көрсетілген. Алайда екінің бірі заңды жолмен дүңгіршек қойып, кәсібін жүргізе алмайды, дейді сарапшылар.
Қуан Нұрақын, тілші:
Мәселен, былтыр Алматы қаласы бойынша заңсыз орнатылған 500 сауда нысаны анықталған. Бүгінде оның 120-сы сүрілді. Олардың дені жаяу жүргіншілер жолағына жақын немесе жол жиегіне шығып кеткен.
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов стационарлық емес сауда объектілерінен төленген салықтардың саны туралы нақты мәлімет жоқ екенін айтады. Жергілікті әкімдіктер мен министрліктің назарынан тыс калған көше бизнесі жасырын сыбайлас жемқорлық жолдарымен реттеледі деген пікірде.
Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Оны учаскелік полиция қызметкері ме, әкімшіліктің жұмыскерімен бе келісу керек. Тексеріп келеді. Оған да пара беру керек. Бұл бәрі заңсыз. Конкурсты орталықтан өткізу керек деген ұсынысты берудеміз. Неге орталықтан? Неге электронды портал арқылы? Ашық, жариялы түрде өтуі керек. Кез келген адам, мен, сіз, басқа да көшеде жүрген адам катыса алсын.
Қала әкімдігінің өкілдері қазір стационарлық сауда нысандары үшін 142 орын анықтағанын айтады. Ереже әлі заңды күшіне енбеген. Соңғы 5 жылда Қазақстанда 100-ге жетпейтін орын үшін бар-жоғы 39 конкурс өткізілген. Ал, еліміздегі дүңгіршектердің саны 20 мыңнан асады.
Депутаттың сөзінше, әсіресе, Алматы қаласындағы барлық көше кәсібі заңнан тыс жүзеге асуда. Себебі, белгілеген орындардан тыс жерлерде бөлшек сауданы жүзеге асыруға заңмен тыйым салынған. Десе де, бұл талап әзірге елеусіз қалып жатыр.
Қуан Нұрақын