Спорт саласындағы жемқорлық анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Спорт саласындағы жемқорлық анықталды

30.05.2024

Антикор Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлықты анықтады. Талдау нәтижесінде спорт саласына қыруар қаржы бөлінетіні, бірақ сол миллиардтардың тиімсіз жұмсаланатыны белгілі болды. 

Асылбек Данияр, тілші:
Алғаш рет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласына талдау жүргізіп, бірқатар былықты анықтады. Енді соның негізгілеріне тоқталсақ. Ең бірінші назар салатын мәселе спорт саласына бөлінетін қаржы. 

2018 жылдан бастап бюджет 2 есеге өскен. Жеті жылда спортты дамытуға 1,4 триллион теңге бөлінген. Алдағы 3 жылға тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған.

Антикор қаржының тиімсіз жұмсалуына әкелетін тағы бір факторды да анықтаған. Ол бұқаралық спорттан гөрі олимпиадалық спорт түрлеріне бөлінген қаржының 9 есе көп болуы. Ақшаның қалай жұмсалып жатқаны да бақыланбаған.

Спорт саласына осындай қомақты қаржы бөлінгенімен Қазақстан олимпиадалық медальдық есептерде және Дүниежүзілік спорт рейтингінде төменгі орында. Бұл спорт сарапшысының сыны емес, Антикордың айтқаны. Мәселен, Жазғы Олимпиаданың жалпыкомандалық есебінде Ұлттық құрама 145 мемлекеттің ішінде елу елдің қатарында. Алысқа кетпей, соңғы 2 Олимпиаданың нәтижесін салыстырсақ, Рио-де-Жанейродағы бәсекеде спортшыларымыз 2 алтын, 5 күміс, 10 қола медаль иемденді. Ал 2021 жылы өткен Токиодағы жарыста бар-жоғы 8 қола алды.

Антикор анықтаған тағы бір фактор спорт ұйымдары жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, спорттық нысандарды жалға алуға қаражат бөлген. Құрал-жабдықтарды қымбат бағамен сатып алған. Жоқ спортшыға» жоғары жалақы мен жөнсіз сыйақы тағайындаған. «Самұрық-Қазына» қаржы бөлетін спорт федерациялары мен кәсіби клуб басшылары өздеріне жоғары жалақы бекітіп алған. 5 жұлдызды қонақ-үйлерде оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз деп ақша бөлдірген.

Салдарынан Қазақстан спорт инфрақұрылымы бойынша көрші елдерден едәуір артта. Стадиондар UEFA және FIFA талаптарына сәйкес келмейді, жаттығу залдары жөндеу көрмеген.

Қазақ спортын ақсатып тұрған жемқорлық екені талай айтылып та жазылып та жүр. Мәселен, 2 ай бұрын агенттік басшысы салада 39 қылмыстық іс тіркелген айтқан болатын. Антикор өкілдері тексеруді әрі қарай да жалғастыра бермек.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу