Абиба Абужақынова - Әлем чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері атанды. Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында өтіп жатқан біріншілікте отандасымыз үшінші орын үшін болған белдесуде түрік палуаны Тугче Бедерді жеңді. Осылайша, Абиба дүниежүзілік бәсекеде екі жүлде алған тұңғыш қазақ болды. Сондай-ақ, рейтингте 1000 ұпайға ие болды. Жерлесіміз жарысты екінші айналымнан бастады. Әуелі Түркия, сосын Словакия мен Бразилия құрамасының спортшысынан мықты екенін дәлелдеді. Ал жартылай финалда моңғолиялық дзюдошыға жол берді.
Абу-Дабидегі доданың бірінші күнінде 48 келіде бақ сынаған Ғалия Тынбаева екінші айналымда сүрінді. Ерлерден 60 келіде ел намысын қорғаған Нұрқанат Серікбаев 1/16 финалда жеңілді. Ал Елдос Сметов ширек финалда жеке бейтарап спортшы Аюб Блиевқа есе жіберді. Қола жүлде үшін болған белдесуде жапон балуанын айласын асыра алмады. Айта кетейік, осы Әлем чемпионатынан кейін Париж Олимпидасына баратын спортшылар анықталады.
Асылбек Данияр