2021 жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 7 мыңға жуық бала дүниеге келді. Ал биыл 4 айда тағы мың жарым әйелге жасанды ұрықтандыру жасалған. Жалпы, соңғы жылдары эко арқылы балалы болғысы келетіндер көбейген.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы басталғалы 21 мың әйелге көмек көрсетілген. Квота алған 8 мың әйел эко арқылы бала көтерген. Нәтижесінде 7 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 28 мыңға жуық әйел бедеу есебінде тұр.
Олардың ішінде жасанды ұрықтандыруды қажет етпейтіндер де болуы мүмкін, - дейді мамандар. Өйткені ерлі-зайыптылар толық тексертуден өтпеген. Тиісті сынамаларды тапсырмағандар да бар. Дәрігер-репродуктолог Алмас Ибрагимовтың айтуынша қазір қоғамда белсіздік пен бедеулік қатар кездеседі. Дерттің көбеюін дәрігер былай түсіндірді.
Алмас Ибрагимов, дәрігер-репродуктолог:Жиі кездесетін бедеуліктің себебі ол жатыр түтікшелері қызметінің бұзылуы. Эндометриоз деген сырқат кеңінен таралуда ол да бедеулік үлкен себептерінің бірі болып есептеледі. Одан кейінгі эндокриндік факторлар. Негізгі себептерге мүмкін экологиялық себеп, адамның өмір сүру салтының өзгерісі.
Елімізде жасанды ұрықтандырумен айналысатын 31 орталық бар. Оның 19-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысады. Ал, балалы бола алмай жүрген келіншектер бірден ЭКО-ға жүгіне алмайды. Біріншіден емханаға есепке тұрып, Жанұяны жоспарлау орталығынан толық тексеруден өтуі шарт. Соның нәтижесі бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатыса алады, - деді Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы.
Шакизад Халықова, ҚР ДСМ аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы:Жалпы Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі бағыты тек қана экстракорпоральды ұрықтандырудың квотасын арттыру емес. Керісінше, профилкатикалық жұмыстарды жандандыру. Бедеулік некенің алдын алу керек. Біз қазіргі таңда бөлініп отырған квотаның санын жеткілікті деп ойлаймыз. Сондықтан да оның санын арттырудың қажеттілігі жоқ деп санаймыз.
Әлемдегі 15 миллионнан астам тұрғын жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген. Ал Қазақстанда ЭКО арқылы туған 50 мыңға тарта адам бар. Ең үлкені - 29 жаста. Қазір екі баласы бар.
Асылбек Данияр