Қытайдың Гуандун провинциясын жайлаған алапат су тасқынынан миллиондаған доллар шығын келген. Табиғи апатқа байланысты Шэньчжен қаласында қызыл түсті қауіп деңгейі жарияланды. Құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Су басқан ауданда қалып қойған мыңдаған адамды көшіруге күш жұмылдырылған.
Гуандун провинциясының тұрғындары осыншама күшті су тасқынына соңғы 50 жылда алғаш рет куә болып отыр. Бұл аймақта дамылсыз жауын жауып, кейін өзендер арнасынан асты. Провинция аумағында 110 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, су апатынан 4 адам қаза тауып, 11 тұрғын жоғалып кеткен. 40 мыңдай адам су басқан аудандардан кете алмай жатыр. Мыңдаған адам дүние-мүлкінен айырылған. «Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, экономикаға келген шығын көлемі - 140 млн юань.
Хань Цзинчжун, жергілікті фермер:
Бәрінен айрылып қалдым. Егемін деген тұқым да кетті. 13 мың доллардың дүниесі тасқыннан жоқ болды. Егістік алқаптарын да су шайып кетті.
Өткен аптаның соңында басталған жауын мен тасқыннан, әсіресе, Гуандун провинциясының астанасы Гуанчжоу қаласы, сондай-ақ Шаогуань және Хэюань қалалары орасан зардап шекті. Табиғи апаттан 1 миллионнан астам тұрғын электр жарығынсыз қалған. Гуанжчоу халықаралық әуежайында ұшақ рейстері кейінге шегерілді. Үш қалада мектептердің барлығы жабылған.
Лин Сюжзень, интернет-дүкен жұмысшысы:
Осыдан екі жыл бұрын жауын-шашын салыстырмалы түрде молая бастады, ал биыл тіпті күшейді. Бұрын су тасқындары мұндай болмайтын. Су қатты көтеріліп жатыр.
Ал елдің Орталық метеорологиялық обсерваториясының ескертуінше, жауын мен дауыл бүгін де жалғасады. Одан Гуаньси мен Фуцзянь провинцияларында, сондай-ақ Бейжіңде де жаңбыр қатты құюы ықтимал.
Арай Төлегенқызы