Петропавлдағы Есіл өзені кешеден бері 8 сантиметрге түсті. Мамандардың айтуынша, облыс орталығында тасқынның бірінші толқынының шарықтау шегі өтті. Мамандар сәуірдің 22-не қарай тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін деп болжап отыр. Ал тасқын судан полиция арқалап өткізген бала 2-3 күнде ауруханадан шығады. Айта кетейік, соқырішекпен ауырған 14 жастағы жеткіншекті мамандар 14 сәуірде орталыққа жеткізген. Ал аймақта әлі кейбір аудандар мен ауылдарға жол жоқ. Сол себепті, науқастар қалаға арнайы көліктермен тасымалданып жатыр.
Петропавлдың жан-жағы түгел су. Сайда орналасқан үйлер су астында. Су кірмеседе аралда қалып қойған елдімекен көп. Ондағы халыққа көмек керек. Сондай жандарды құтқарушылар қайықпен тасымалдап жатыр. Ал қайықтың өтуіне ыңғайсыз тұстардан арқалап алып шығуда.
Осы жазба желі де көп тарады. Полиция қызметкері Біржан Бәкіров тасқыннан науқасты өткізе алмай тұрған дәрігерлерге көмектескен. Соның арқасында Мамлют ауданының тұрғыны орталыққа жеткізілді. Көпшілік сүйсінген видеоға қатысты Біржан бұл ерлік емес, міндетім,-дейді.
Біржан Бәкіров, полиция бөлімінің жедел уәкілі:
Бұл енді біздің жұмыс. Көмек сұрайтын көп адамдар бар. Бір күнде 10-15 адамды құтұқарып, көтеріп лодкаға апарамыз.
Қазір баланың жағдайы жақсы. Дәрігердің сөзінше, ол ауруханаға дер кезінде жеткізілген.
Нұрлан Айманов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
Сәл кешіккенде мысалы онда анау соқырішектің өсіндісі жарылатын еді. Ең бірінші біздің балалар ауруханасының дәрігерлеріне үлкен алғысымызды білдіреміз.
НАУҚАСТАР СУДАН АРНАЙЫ КӨЛІКПЕН ӨТКІЗІЛІП ЖАТЫР
Бас дәрігер жедел-жәрдем қызметкерлеріне де алғыс айтты. Себебі, олар да жағдайы күрт нашарлағандарды судан арнайы көлікпен өткізіп жатыр.
Мысалы, мына көлік Соколовкадан 2 науқасты алып келді. Бірі аяғы ауыр келіншек, бірі 81 жастағы кісі. Фельдшер Айдар Омаровтың айтуынша, ауылдар арасындағы су басқан жолдар науқасты дереу әкелуді қиындатып тұр.
Айдар Омаров, жедел жәрдем фельдшері:
Жай уағында 30 минутта жетеміз. Ал қазір 2 сағаттай болды. Ол жақта су.
Жалпы, жедел-жәрдемге су басқан аймақтардан бір күнде 50-60 қоңырау түседі екен. Соның бәріне үлгеру үшін фельдшерлер тынымсыз. Ал, мына екі жолдың Петропавл үшін маңызы зор.
Бірі Мамлюткамен, бірі Соколовка сияқты бірнеше ауылмен жалғап жатыр. Ал жолын су басып, қатынас үзілген аймақтағы көмекке мұқтаж жандарға Біржан мен Айдар сынды жігіттер қолынан келгенінше жәрдемдесіп жүр.