Петропавлда Астанадан келген сарбаздар бөгеттер тұрғызып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда Астанадан келген сарбаздар бөгеттер тұрғызып жатыр

12.04.2024

Петропавлда қазір жағдай күрделі. Су қаланың іргесіне жетті. Тұрғындардың амандығы үшін құтқарушылар күн-түн демей тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Олар судың қалаға кіретін тұстарын бітеп, бөгеттерді биіктетуде. Ал халқы эвакуацияланып, бос қалған мекендерді полицейлер бақылауда ұстап отыр.

Петропавлға жан-жақтан көмекке түрлі күштер келіп жатыр. Бұл Астанадан келген сарбаздар. Өңірге келе сала іске кіріскен олар бірнеше жерде бөгеттер тұрғызды. Сырт көзге жеңіл көрінетін ауыр қапшықтарды тоқтаусыз тасып жүргендердің бірі - Бауыржан Абай. Ол тасқын судан қорғану үшін осындағы әрбіріміз өз міндетімізді адал атқаруымыз керек дейді.

Бауыржан Абай, аға лейтенант:

Еліміз, жеріміз деп басына күн туған кезде мұндай жұмысты қиын деп айту дұрыс емес. Арасында он минут он бес минут ауысып, күніне екі мың қаптан 7 көшені бері қарай жауып жатырмыз.

Оның мұнда келгеніне бесінші күн. Содан бері тынымсыз. Қатты шаршағанда телефон арқылы анасымен тілдесіп, бір сергіп алады екен.

Бос қалған елдімекендерді полицейлер бақылап жүр

Күннің суығына қарамай «Мама, бәрі жақсы» деген ол қаланы қорғауға барын салып жатыр. Ал адамдары көшіріліп, бос қалған ауылдар мен аудандар полиция қызметкерлерінің бақылауында.

Заречный кенті тұрғындарының көшірілгеніне үшінші күн. Азаматтар үйінен асығыс шыққандықтан ауыр заттары мен бағалы мүліктерін тастап кетуге мәжбүр болған. Қазір сол үйлерді Қанат Жұмабаев сияқты полицейлер күзетіп жүр. Бүгінге дейін бірде бір ұрлық пен бұзақылық фактісі тіркелмепті.

Қанат Жұмабаев, полиция қызметкері:

Осы үш күн бойы біз күн түні жұмыс істеп жатырмыз. Соған қарамастан жұмыс қиындау жай күнге қарағанда. Оны қиындықты біз өткеру керекпіз.

Қалаға бұрын-соңды болмаған көп су келе жатқанын жергілікті билік сағат сайын хабарлап, қауіпті аймақтардан халықты эвакуациялауда. Ал Бауыржан мен Қанат сияқты азаматтар күні-түн демей қарғын сумен тікелей күресіп жатыр.


Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу