Ресейде Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы атап өтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы атап өтілді

16.04.2024

Ресейдің Томск қаласында Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы атап өтілді. Қазақтан шықққан тұңғыш инженер-геологтың атына өңірде музей ашылуы мүмкін. Ғалымның мерейтойына арналған шараларға тілшіміз де қатысты.

Индира Бегайдар, Тілші:

«Ресейдің Томск қаласында 2008 жылы Қаныш Сәтпаевтың ескерткіші ашылған. Жалпы мұнда қазақтың біртуар перзентіне құрмет ерекше. Өйткені ол Томскідегі политехникалық университетте білім алған.»

Тұғыры биік тұлғаның есімі Томскідегі политехникалық университтетте әрқашан ұлықталады. Оқу орнында ғалымның атындағы аудитория бар. Одан бөлек, университеттегі музейде Қаныш Сәтпаевқа арналған бұрыш ашылған.

Светлана Григорьева, Томск политехникалық университетінің қызметкері:

«Біздің оқу орнының ең беделді түлектерінің бірі Қаныш Сәтпаев. Сондықтан арнайы бұрышта оның суреттері, жеке заттары, кітаптары, медальдары ұсынылған. Қолымыздан келгенше мұражайды толықтыруға тырысып жатырмыз.»

«Мамандар әйгілі қазақ ғалымы біздің оқу орнында білім алғанын мақтан тұтамыз»,- дейді. Сондықтан жыл сайын ғылымдағы ізбасарларына үлгі болсын деп кітап шығарылады, конференциялар ұйымдастырылады. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев бастаған делегация Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты. Дала дарабозының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қайыргелді Әбілғазин, Академик Қ.Сәтпаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайының директоры:

«Ол кісіні бүкіл одақта білген екен. Геолог сияқты абыройы үлкен болған екен. Қай жерге барса да, Англияда болған кезде,Черчилльмен кездескен кезде де, Қытайға барған кезде ол кісіні түгел тұрып қарсы алады екен. Сондықтан мен ойлаймын, Томскіде жақсы бір музей ашылса екен, қазір біз әріптестерімізбен сөйлесіп жатырмыз.»

Ұрпаққа мол мұра қалдырған қазақ ғылымының шамшырағының 125 жылдығы осылайша Томскіде атап өтілді. Қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геологқа арналған шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу